
Гуанчжоу, 2025 жылғы 12 қараша – Қазақстан Республикасының Гуанчжоу қ. Бас консулы Валихан Сәрсембеков «St. Stamford» халықаралық медициналық тобының президенті Лин Чичэнмен және Гуанчжоу қаласындағы Заманауи онкологиялық аурухананың директоры Ван Хуайчжунмен кездесті.
Кездесу барысында аурухананың қызметі мен онкологиялық дерттерді аз инвазивті емдеу саласында енгізіліп жатқан озық технологиялар туралы ақпарат ұсынылды.
Атап айтқанда, ісік ошақтарына жергілікті әсер ету әдістері, жоғары дәлдіктегі интервенциялық процедуралар, сондай-ақ ісік аймағына радиоактивті микробөлшектерді жергілікті имплантациялау технологиялары таныстырылды.
St. Stamford тобының президенті өз сөзінде Заманауи онкологиялық аурухананың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы белсенді қызметін атап өтті. Аталған бастама шеңберінде аурухана медицина саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытып келеді. Сонымен қатар, соңғы жылдары 100-ден астам Қазақстан азаматының осы онкологиялық ауруханада ем қабылдағанын хабарлады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар аз инвазивті онкология саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге, сондай-ақ Қазақстанның тиісті медициналық мекемелерінің белсенді қатысуымен білім беру және ғылыми-тәжірибелік бағыттарда бірлескен іс-шараларды жүзеге асыруға, медицина мамандарымен тәжірибе алмасуға өзара мүдделілік білдірді.
Кездесудің қорытындысында Бас консулдық қызметкерлері аталған онкологиялық ауруханада ем қабылдап жатқан Қазақстан азаматтарын арнайы барып көріп, олардың ем алу жағдайларымен, қолданылып жатқан терапиялық әдістермен және сауығу барысымен танысты. Сонымен бірге, консулдық өкілдері азаматтардың емдеу процесіне қатысты назар аударуды қажет ететін жекелеген мәселелер бойынша емдеуші дәрігерлермен пікір алмасты.