Тегеран, 2025 жылғы 25 ақпан – Кеше Тегеранда Экономикалық ынтымақтастық ұйымының (ЭЫҰ) Өңірлік жоспарлау кеңесінің (ӨЖК) 35-отырысы өз жұмысын бастады. Отырысқа Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстан сынды ЭЫҰ-ға мүше мемлекеттердің жоғары деңгейдегі делегациялары қатысты. 24-27 ақпан 2025 жыл аралығында өтетін төрт күндік отырыста ЭЫҰ жобалары мен бағдарламаларының жүзеге асырылу барысы қаралып, ұйымның алдағы жылға арналған жоспары талқыланады.
2025 жылы ЭЫҰ-ға төрағалық етуші ел ретінде Қазақстан жиынды салтанатты түрде ашты. Қазақстан Республикасының ЭЫҰ жанындағы Тұрақты өкілі, Қазақстан Республикасының Ирандағы Елшісі О.Оналбаев отырысты басқарды. Өзінің кіріспе сөзінде О.Оналбаев Қазақстанның ЭЫҰ аясындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға бейілділігін растады және ұйымның экономикалық өсім, сауда және орнықты даму саласындағы маңызды рөлін атап өтті.
Қазақстанның ЭЫҰ төрағасы ретіндегі басымдықтары ретінде өңірлік сауда мен көліктік байланыстарды дамыту, энергетикалық серіктестікті кеңейту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экономикалық бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін цифрлық трансформацияны ілгерілету мәселелері ерекше атап өтілді.
Отырыс барысында ЭЫҰ-ның әртүрлі бағыттары бойынша пікірталастар жалғасып, болашақ ынтымақтастық пен жобаларды жүзеге асыру мәселелері қарастырылады. ӨЖК-нің 35-отырысы 2025 жылғы 27 ақпанда өз жұмысын аяқтап, оның қорытындысы бойынша негізгі ұсынымдар, Іс-шаралар күнтізбесі, Жұмыс бағдарламасы және 2025 жылға арналған Жұмыс жоспары қабылданады, бұл құжаттар ұйымның алдағы жылғы қызметіне бағыт береді.