2022 жылғы 23-24 мамырда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Ә.Тұрсынов Иранға сапармен келді.
Ол өзінің сапары барысында Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бірқатар жоғары лауазым иелерімен, атап айтқанда, ИИР Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Ә.Бағери Канимен, ИИР СІМ-нің құқықтық және халықаралық мәселелер жөніндегі орынбасары Р.Нәджафимен, ИИР СІМ-нің экономикалық дипломатия жөніндегі орынбасары М.Сафаримен және ИИР СІМ-нің Еуразия істері жөніндегі бас директоры Ә.Хағиғианмен кездесті.
Осы кездесулерде тараптар халықаралық, өңірлік және екіжақты саяси, экономикалық мәселелерді талқылап, халықаралық ұйымдар аясындағы өзара ынтымақтастықты арттыру жолдарын қарастырды.
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ә.Бағери Канимен кездесуінде оған ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың ИИР Президенті И.Рәисиге арнаған үстіміздегі жылы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін АӨСШК Кеңесінің Саммитіне шақырухатының түпнұсқасын табыстады.
Сонымен қатар, Ә.Тұрсынов ЭЫҰ бас хатшысы Х.Нозиримен кездесіп, Қазақстан мен осы ұйымның өзара ықпалдастығын кеңейту жөнінде пікір алмасты. Оған қоса, Ә.Қ.Тұрсынов ЭЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері орынбасарларының «брейнсторм сессиясына» қатысты.