Қазақстанда Алтын Орда мұрасына арналған халықаралық симпозиум өтті

Қазақстанда Алтын Орда мұрасына арналған халықаралық симпозиум өтті

2026 жылғы 19–20 мамырда Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысуымен «Алтын Орда – дала өркениетінің моделі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» халықаралық симпозиумы ашылды.

ЮНЕСКО қолдауымен өткен бұл форумға 20-дан астам елден 300-ден астам ғалым мен сарапшы, ЮНЕСКО хатшылығының өкілдері, ТМД, ШЫҰ, ҰҚШҰ және Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің дипломатиялық миссияларының өкілдері, сондай-ақ Ресей, Қытай, Түркия, Иран, Моңғолия, Украина, Мажарстан, Болгария, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция және басқа да мемлекеттердің өкілдері қатысты.Олар тарих, археология, мәдениет, саясат және өнер саласындағы зерттеулерді талқылады.

Симпозиум аясында Алтын Орда мұрасына арналған көрме ұйымдастырылып, археологиялық жәдігерлер, қолжазбалар, хандар шежіресі, теңгелер мен тұрмыстық бұйымдар таныстырылды. Көрме бірнеше тақырыптық бөлімнен тұрды, олар: мемлекет және билік, дала сәні мен киім үлгілері, әскери іс, мәдениет, ғылым және өнер. Сондай-ақ 70 археологиялық және сәулет ескерткіші интерактивті карта арқылы көрсетілді.

Пленарлық отырыста ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алтын Орда тарихының Еуразиядағы мәдени-экономикалық интеграциядағы рөлін атап өтті. Форумда сондай-ақ ЮНЕСКО мен басқа халықаралық ұйымдардың өкілдері құттықтау сөз сөйледі.

Симпозиум барысында этносаяси тарих, материалдық және рухани мәдени мұра, Ұлы Жібек жолы бойындағы өркениеттік ықпалдастық мәселелері талқыланды. Қорытындысында халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған Астана декларациясы қабылданды.

Осы форум ғылыми диалогты кеңейтуге және еуразиялық өркениеттің қалыптасуында маңызды рөл атқарған тарихи үдерістерді объективті зерделеуге ықпал етпек.