2025 жылғы 23 сәуірде Бакудағы Ататүрік орталығында Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы Елшілігінің қатысуымен Халықаралық түркі академиясы басып шығарған Мұхтар Әуезовтің әзербайжан тіліндегі «Абай» романының қайта басылымының салтанатты тұсаукесері өтті. Жаңа басылым қазақтың мәшһүр ойшылы және ағартушысы Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына орайластырылған.
Тұсаукесерге Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел, Әзербайжандағы Ататүрік орталығының жетекшісі Низами Джафаров, Әзербайжан Милли Мәжілісінің депутаттары, ТҮРКПА Бас хатшысы Мехмет Сүрейя Ер, Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының аппарат жетекшісі Фахри Хаджиев, сондай-ақ ғылыми және білім беру мекемелерінің өкілдері, әдебиет және мәдениет қайраткерлері қатысты.
Түркі Академиясының президенті, академик Шаһин Мұстафаевтың айтуынша, бұл басылым көркем туындының түпнұсқалық рухын қайтару ғана емес, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы мәдени байланыстарды нығайтудың айқын көрінісі болды.
Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел өз сөзінде қазақ-әзербайжан ынтымақтастығының қазіргі жағдайына тоқталды. Ол мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық екіжақты өзара іс-қимылдың маңызды бағыты екендігін және кітаптың басылуының тағы бір маңызды оқиғаға айналғанын атап өтті.
Мұхтар Әуезовтің бұл романы алғаш рет әзербайжан тілінде 1954 жылы Эюп Аббасовтың тәржімәлауымен, сол кездегі кирилл қарпінде жарық көрген болатын. Алайда бұл нұсқа орыс тілінен аударылған еді. Содан бергі 70 жылдан астам уақыт бойы әйгілі шығарма әзербайжан оқырмандарына қайтадан ұсынылған емес.
Бұл жолы роман қазіргі әзербайжан әдеби тілі нормаларына сай, латын қарпімен әрі қазақ тіліндегі түпнұсқасы бойынша салыстырыла тексеріліп, алғашқы басылымдағы қателіктер түзетіліп, кеңестік цензура себебімен қысқарып кеткен кей тұстары толықтырылып басылды.
«Романның мұндай форматта жарық көруі – әдеби оқиға ғана емес. Бұл – мәдени жадты жаңғырту, ортақ рухани мұрамызға деген құрмет пен оны сақтау жолындағы нақты қадам. Түркі Академиясы алдағы уақытта да түркі халықтарының мәдени-рухани мұрасын зерделеу және насихаттау бағытындағы кешенді жұмыстарды жалғастыра береді», – деді Академия басшысы.