2025 жылғы 23 сәуірде Әзербайжанның жетекші зияткерлік орталығы саналатын Халықаралық қатынастарды талдау орталығында (ХҚТО) Қазақстан-Әзербайжан сараптамалық кеңесінің төртінші отырысы өтті.
Іс-шараға Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел, ХҚТО төрағасы Елші Фарид Шафиев, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов, депутаттар, Қазақстан мен Әзербайжанның жетекші сарапшылары, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.
Елші Ә. Байел өз сөзінде Қазақстан-Әзербайжан қарым-қатынастарының жаңа деңгейге шыққанын ерекше атап өтті, бұған соңғы кезеңде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға және Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің Қазақстанға жасаған бірқатар сапарлары дәлел.
Ә. Байел биыл Қазақстанның Әзербайжанға бидайдың ең ірі жеткізушісі болғанын хабарлады. Қазақстан бидайы 2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Әзербайжан импортының жалпы көлемінің 80% құрады. Бұл екі елдің тиісті құрылымдарының өзара әрекеттесуінің арқасында мүмкін болды. Атап айтқанда, өткен жылы Қазақстанның Бакудағы Елшілігінде өзара сауданы ұлғайтуға бағытталған ауыл шаруашылығы форумы ұйымдастырылған болатын.
Сондай-ақ, дипломат ағымдағы жылдың наурыз айында Баку қаласында екіжақты қатынастар тарихында алғаш рет 23 қазақстандық университеттің қатысуымен Қазақстанның жоғары білім күндері өткізілгенін атап өтті. Екі мемлекеттің жоғары оқу орындары арасында 40 меморандумға қол қойылды.
Ә. Байел сонымен қатар халықаралық ұйымдар аясындағы Қазақстан мен Әзербайжанның жемісті ынтымақтастығын атап өтті. Атап айтқанда, Әзербайжан АӨІСШК төрағасы болды, сондай-ақ биыл Астанада орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымына кіруге дайындалуда. Қазақстан өз кезегінде Бакудағы ИЫҰ еңбек орталығына қосылуға дайын. Түркі интеграциясы Қазақстан үшін де, Әзербайжан үшін де басымдық болып қала бермек. Елшінің айтуынша, елдеріміз жалпы түркі ынтымақтастығының локомотивіне айналды. Каспийдің екі жағында орналасқан, Әзербайжан мен Қазақстан Еуразияның көлік-логистикалық архитектурасында да шешуші рөл ойнауда.
Фарид Шафиев өз сөзінде сарапшылар деңгейіндегі тұрақты кездесулердің және академиялық дереккөздерді қалыптастыру бойынша бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, ол болашақта Сараптамалық кеңес отырыстары Әзербайжан мен Қазақстанның жоғары оқу орындарының қатысуымен өткізілуі мүмкін екенін атап өтті.
Еркін Тұқымов өз сөзінде Әзербайжан Қазақстанның оңтүстік Кавказдағы негізгі серіктесі екенін белгілей отырып, соңғы жылдары екі ел арасындағы қатынастардың жанданғанын атап өтті. Ол бұл серіктестік ортақ стратегиялық көзқарас пен өзара қолдауға негізделгенін айтты. ҚСЗИ директоры сондай-ақ сараптамалық кеңестің келесі отырыстарын Қазақстан мен Әзербайжанның түрлі қалаларында өткізуді ұсынды.
Кездесу аясында энергетикалық, көліктік-логистикалық ынтымақтастық, ғылыми-сараптамалық кооперация, мәдени-гуманитарлық байланыстар және жастар саясаты мәселелері бойынша сарапшылардың пікірлері мен ұсыныстары талқыланды.