Бакуда қазақ студенттердің басқосуы өтті

Бакуда қазақ студенттердің басқосуы өтті

 

Қазақстанның Әзербайжандағы Елшілігі Әзербайжанның ADA университеті, Баку мемлекеттік университеті, Әзербайжан техникалық университеті, Әзербайжан мемлекеттік экономикалық университеті, Әзербайжан мемлекеттік теңіз академиясы және басқа да жетекші жоғары оқу орындарында оқитын қазақ студенттердің кездесуін ұйымдастырды. Іс-шараға Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел мен Елшіліктің дипломаттары да қатысты.

Кездесу интерактивті форматта басталып, жастар бір-бірімен танысуға, өздері туралы айтуға және өздерін қызықтырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.

Елші Әлім Байел өз сөзінде мемлекеттің жастарды қолдау және жоғары дәрежелі мамандарды әзірлеу мәселелеріне үлкен мән беретінін атап өтті. Дипломат Елшіліктің Қазақстанның азаматтары мен студенттері үшін әрдайым ашық екеніне және жастардың ұсыныстары мен бастамаларын қарастыруға дайын екеніне назар аударды.

Сонымен қатар, студенттермен сұхбат барысында Қазақстандағы және әлемдегі соңғы оқиғалар талқыланып, әлеуметтік-экономикалық реформалар мен елдің ұлттық заңнамасына енгізіліп жатқан жаңалықтар туралы айтылды.

Іс-шара аясында спорттық ойындар, жарыстар және Қазақстанның мәдениетіне, тарихына, белгілі тарихи тұлғалары мен жетістіктеріне арналған зияткерлік викторина өтті. Белсенді және үздік студенттерге естелік сыйлықтар табысталды.