Әзербайжан БАҚ-тары Қазақстанда болғалы жатқан Президент сайлауына даярлық барысымен танысты

Әзербайжан БАҚ-тары Қазақстанда болғалы жатқан Президент сайлауына даярлық барысымен танысты

Баку, 2022 жылғы 16 қараша

Қазақстанның Бакудегі Елшілігінде Әзербайжан БАҚ өкілдеріне Қазақстан Республикасының Президентін сайлау тақырыбына арналған брифинг өтті.

Іс-шараны аша отырып, Елші Сержан Әбдікәрімов журналистерге Қазақстан-Әзербайжан ынтымақтастығының ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылдың тамыз айында Бакуге жасаған ресми сапарынан соң зор серпін алған қарқынды дамуы туралы айтып берді. Дипломатиялық қарым-қатынастар орнағанының 30 жылдығы аясында жасалған осынау сапар арқылы Қазақстан мен Әзербайжан арасы жақындап, стратегиялық қатынастарды нығайту мен одақтастық өзара іс-қимылды тереңдетуге деген бағыт расталғаны аталып өтті. Жасалған уағдаластықтар мен қол қойылған құжаттар, оның ішінде Ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық кеңестің құрылуы екіжақты қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтеріп, тың кезеңнің бастау алғанын көрсетті.

Дипломат қонақтарға Қазақстан басшысының бастамасы бойынша елдегі мемлекеттік-саяси құрылымның жаңа да әділ үлгісін құруға, Парламент пен азаматтардың мемлекетті басқарудағы рөлін нығайтуға бағытталған саяси реформалардың төрт пакеті қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Алдағы дауыс беру науқаны дайындығына тоқталған Сержан Әбдікәрімов ел Үкіметі жергілікті және шетелдік байқаушыларды кеңінен қатыстыра отырып, ұлттық заңнама мен халықаралық стандарттарға сай ашық, тұнық та әділ сайлау өткізуге ниетті екенін атап өтті.

Брифинг соңында әзербайжандық БАҚ өкілдері қойған сауалдарға нақты жауаптар берілді.