Бакуде Қазақстанның ұлттық мерекесі – Республика күніне арналған салтанатты қабылдау болып өтті

Бакуде Қазақстанның ұлттық мерекесі – Республика күніне арналған салтанатты қабылдау болып өтті

2022 жылғы 25 қазанда Қазақстанның Әзербайжандағы Елшілігі Республика күнін мерекелеу және Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына арналған ресми қабылдау өткізді.

Салтанатты шараға Әзербайжан мемлекеттік органдарының, парламентінің, қоғамдық, іскерлік және мәдени топтарының өкілдері, дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты.

Елші Сержан Әбдікәрімов өз сөзінде Республика күнін атап өтудің қайта жаңғыруы Жаңа Қазақстан ұрпағының өз ататегі мен ұрпақтар сабақтастығын тануы, қазақ халқының мемлекеттік тәуелсіздік жолындағы маңдай тері мен ерік-жігерін құрметтеуінің символына айналғанын жеткізді.

Дипломат Қазақстанда әрбір азаматтың құқықтары, мүмкіндіктері мен қорғалуы тең дәрежеде болатын Әділетті Қазақстан құруға бағытталған ауқымды саяси реформалар жүріп жатқаны туралы айтты. Елде өтетін президенттік және парламенттік сайлаулар осы өзгерістердің ажырамас бөлігі болып табылады.

Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы стратегиялық серіктестік пен өзара одақтастық іс-қимылға негізделген екіжақты қарым-қатынастардың ерекше сипатына айрықша назар аударылды. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Қ.Тоқаевтың екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуы қарсаңында Бакуге жасаған алғашқы ресми сапарының тарихи да символдық рөлі ерекше аталып өтті.

Елші Қазақстан үшін Орта дәлізді дамыту, Каспий теңізінің түбі арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту және Қазақстан мұнайының экспортын әртараптандыру Әзербайжанмен арадағы қазіргі екіжақты ынтымақтастықтың негізгі жобалары болып табылатынын атап өтті.

Әзербайжан тарапынан келген басты қонақ, Энергетика министрі – Үкіметаралық комиссияның тең төрағасы Парвиз Шахбазов өз сөзінде екі мемлекет пен халықтар арасындағы қарым-қатынас, стратегиялық әріптестік пен одақтастық туыстық сипатта екенін ерекше атап өтті. Министр қос елдің көптеген өңірлік және халықаралық мәселелер, маңызды үдерістер бойынша ниеттес, халықаралық деңгейдегі көптеген мәселелерге ортақ көзқарасы бар екенін атап өтті.

П.Шахбазов Әзербайжан мен Қазақстан басшылары Ильхам Әлиев пен Қасым-Жомарт Тоқаевтың ізгі саяси ерік-жігері екіжақты қарым-қатынастарды жандандырып, жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік бергенін, нәтижесінде Стратегиялық қарым-қатынастарды нығайту мен одақтастық өзара ынтымақтастықты тереңдету жөнінде декларация қабылданғанын, сондай-ақ Қазақстан Президентінің сапары барысында 20-дан астам маңызды құжатқа қол қойылғанын атап өтті.

«Әзербайжанның әділ ұстанымын қашанда қолдап келген Қазақстан бүгінде азат етілген жерлерді қалпына келтіруге үлес қосуда. Физулиде Балалар шығармашылығын дамыту орталығын құру туралы бастама қарым-қатынастарымыздағы адалдық пен бауырмалдықтың көрінісі», - деді министр.

Ол сондай-ақ, жоғары деңгейдегі сенімді қарым-қатынастар экономикалық әріптестікті кеңейтуге, энергетика, көлік-логистика, Орта дәліз салаларындағы жобаларды жүзеге асыруға және басқа да көптеген мәселелерді шешуге ықпал ететінін айтты.

Сөз соңында Министр бауырлас Қазақстан халқына мол табыс, бақ-береке және бейбіт өмір тіледі.

Іс-шара барысында «AirAstana» әуе компаниясы тарапынан ұйымдастырылған екі әуе билетінің ұтысы мереке қонақтары үшін жақсы тосынсый болды әрі оларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Кеште қонақтарға «Алматы әуендері» КМҚК-ның Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер Мұқасан Шахзадаев, Саят Нұрғазин, Еркебұлан Оспанов, Марта Төлепберген, Гүлайхан Рысбай сынды өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылып, домбыраның сүйемелдеуімен қазақтың халық әндері, сондай-ақ қазақ және шетелдік композиторлардың танымал шығармалары орындалды.

Сондай-ақ іс-шараға қатысушылардың алдында белгілі перкуссионшы, орындаушы, композитор-өңдеуші Гейдар Абдуллаев та өнер көрсетті.