Бакуде дипломатиялық корпустың қатысуымен Халықаралық қайырымдылық жәрмеңкесі алғашқы рет өткізілді

Бакуде дипломатиялық корпустың қатысуымен Халықаралық қайырымдылық жәрмеңкесі алғашқы рет өткізілді

2022 жылғы 22 қазанда Қазақстан Елшілігі Әзербайжан Республикасының Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырған Халықаралық қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысты.

Бұл игі шара Әзербайжан мен БҰҰ арасындағы әріптестіктің 30 жылдығына, Әзербайжанның Қосылмау қозғалысындағы төрағалығының үш жылдығына және БҰҰ күніне арналды.

Акция Бакуде Гейдар Әлиев ат. Спорттық-концерттік кешенде өтті.

ӘР Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов жәрмеңкенің ашылуында сөйлеген сөзінде іс-шара мәдениеттердің мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетудегі саналуандылығын білдіретінін атап өтті.

«Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында біз көптеген мүгедек баланың өміріне оң өзгеріс енгізе аламыз деп пайымдаймын. Ұзақ жылдар бойына Әзербайжан БҰҰ-ның белсенді мүшесі бола отырып, БҰҰ Жарғысы мен оның негізгі қағидаттарын ұстанатынын көрсетіп келеді. Бұл шара Әзербайжандағы дипломатиялық өкілдіктерге де өз елдерінің мәдениетін таныстыруға берілген мүмкіндік болып табылады», - деді ол.

Іс-шараның ашылуында БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының Әзербайжандағы өкілі Гвидо Амброзо да сөз сөйледі.

Қазақстан Елшілігінің стендінде іс-шара қонақтарына қазақтың Әзербайжанда кеңінен танымал әрі үлкен сұранысқа ие ұлттық тағамдары (бауырсақ, самса, манты, чак-чак, жент, қазы, шоколад және т.б.) ұсынылды. Қазақтың тәтті-дәмділері сауданың алғашқы сағаттарында-ақ сатылып кетті. Елшіліктегі әйелдер ұжымының күшімен жәрмеңкеге түрлі өнімнің қомақты мөлшері дайындалды.

Елде тіркелген дипломатиялық өкілдіктер де өздерінің символикалық бағада сатылған ұлттық тағамдары мен кәдесыйларын ұсынды.

Шара аясында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, жәрмеңкеге қатысушылар мен қонақтарға Әзербайжанның және өзге елдердің музыкасы мен билері ұсынылды, ұтысқа бағалы сыйлықтар салынды.

Қайырымдылық базарына қатысушылар мұндай іс-шаралар өзге елдер мен халықтардың мәдениеті мен салт-дәстүрін танып-білуге, бірлік пен өзара түсіністік атмосферасын қалыптастыруға, адамдарға жылулық пен мейірімділік сыйлауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қайырымдылық жәрмеңкесі берекелі де мерекелі көңіл-күйде өтті. Түскен қаражаттың барлығы балалардың қажеттеріне жұмсалатын болады.