Қазақстан мен Әзербайжан Үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандырмақ

Қазақстан мен Әзербайжан Үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандырмақ

Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның жаңадан тағайындалған тең төрағасы, ӘР Премьер-Министрінің орынбасары Самир Шарифовпен кездесті.

Кездесу барысында Әлім Байел Мемлекет басшыларының өзара сапарларының жиілігімен расталатын екі ел арасындағы екіжақты қатынастардың жоғары динамикасын атап өтті. Сонымен қатар, Елші Әзербайжан тарапына үкіметаралық комиссия деңгейін көтеру жөніндегі қазақстандық бастаманы қолдағаны үшін алғысын білдірді. 2026 жылдан бастап үйлестіру тетігінің тең төрағалары ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев және ӘР Премьер-Министрінің орынбасары Самир Шарифов болды.

Өз кезегінде Самир Шарифов екі бауырлас ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мен нығайтуға барынша атсалысатынын атап өтті.

Тараптар сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, инвестициялық және басқа да салалардағы қазақ-әзербайжан ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, Алят портында бірлескен интермодальды терминал салу, Әзербайжанға қазақстандық локомотивтер мен вагондарды жеткізу, Қазақстанның қажеттіліктері үшін Баку кеме жасау зауытында кемелер салу, Говсан портында бірлескен Баку астық терминалын одан әрі дамыту, Әзербайжан арқылы қазақстандық энергия тасымалдаушыларының транзитін ұлғайту және басқа да өзекті мәселелер көтерілді.

2024 жылы құрылған бірлескен инвестициялық қорды пайдалана отырып, бірлескен жобаларды іске асыру, экономикалық және өнеркәсіптік кооперацияны күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар бірлескен өндірістерді құру елдер арасындағы тауар айналымын арттыруға да ықпал ететінін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі елдің сауда-экономикалық қатынастарын одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін растады, сондай-ақ таяу болашаққа арналған жоспарларды талқылады.