Бакуда қазақтың ұлы ақыны әрі ағартушысы Абай Құнанбайұлының 181-жылдығына орай Қазақстанның Әзербайжандағы Елшілігі ұйымдастырған Түркі мәдениеті және мұрасы қорының, Түркі мемлекеттері парламенттік ассамблеясының өкілдері, сондай-ақ Әзербайжандағы абайтанушылардың қатысуымен естелік іс-шара өтті.
Іс-шара басында қатысушылар ақынның есімін иеленген көшеде орналасқан мемориалдық тақтасына гүл шоқтарын қойып, оның рухына тағзым етті. Өзінің құттықтау сөзінде Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы Елшілігінің уақытша сенімді өкілі Еділ Мырзаханов қонақтарды Абай күнімен құттықтап, ұлы ойшылдың қазақ мәдениеті, әдебиеті, ағарту ісі және қоғамдық сананың қалыптасуына қосқан зор үлесін атап өтті.
Түркі мәдениеті және мұрасы қорының Президенті Ақтоты Райымқұлова қазақ ағартушысына көрсетілген құрмет үшін Әзербайжан халқына және Баку қаласының атқарушы билігіне ерекше алғысын білдірді. Ол Абай Құнанбайұлының есімі берілген көшенің ақынның бүкіл түркі әлемі үшін маңыздылығын айғақтайтынын атап өтті.
Түркі мемлекеттері парламенттік ассамблеясының атынан сөз сөйлеген Бауыржан Датқаев бүгінде Абай шығармаларының көптеген тілдерге аударылғанын атап өтіп, бұл шетелдік оқырмандардың қазақ әдебиетіне деген қызығушылығының жоғары деңгейін көрсетеді деп айтты.
Еске алу рәсімінің соңында әзербайжандық жас музыкант Аднан Әмірлі Абайдың үш ішекті домбырасымен «Көзімнің қарасы» және «Май түні» шығармаларын орындады.