
Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласындағы мектептердің бірінде қазақ-әзербайжан достығы оқу кабинетінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел, облыс Әкімі Нұрымбет Сақтағанов, «Buta Group» компаниясының өкілі Акиф Фатуллаев және Қазақстан Сыртқы сауда палатасының Әзербайжандағы ресми өкілі Аслан Құнияров қатысты.
Бірлескен қазақ-әзербайжан жобасы білім және мәдениет саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға, халықаралық гуманитарлық байланыстарды дамытуға, талантты жастарды қолдауға және өңір оқушылары үшін заманауи білім беру инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған.
Оқу кабинеті заманауи құрал-жабдықтармен, жиһазбен, интерактивті білім беру материалдарымен, сондай-ақ қазақ және әзербайжан тілдеріндегі кітаптармен жабдықталған. Жобаны іске асыру Шығыс Қазақстан облысындағы білім беру ортасын дамытуға өз үлесін қосады. Сонымен қатар, тараптар аталған мектеп түлектеріне Әзербайжанның жетекші жоғары оқу орындарында білім алуға гранттар ұсынуды жоспарлап отыр.
Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел екі ел арасындағы қарым-қатынастардың қарқынды дамуына назар аударып, Мемлекет басшыларының жылына бірнеше рет кездесетінін атап өтті. Дипломаттың айтуынша, сыныпты ашу бастамасын екі елдің кәсіпкерлері тікелей ұсынғаны ерекше қуантады. Әлім Байел Зайсан оқушыларының осы мектепте сапалы білім алып, екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтатын алтын көпірге айналатынына сенім білдірді және олардың түркі әлемінің тұтастығын күшейту ісіне де үлес қосатынына үміт артты.
Өз кезегінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов меценаттарға осындай өзекті жоба үшін алғысын білдіріп, өңірдің Әзербайжанмен экономикалық байланысын дамытуға үміт білдірді.