
Алтын Орда хандығы қазақ тарихындағы ең жарқын кезең саналады. 1269 жылы Талас құрылтайында дербестігі толық мойындалған Алтын Орда (Жошы ұлысы, Ұлық ұлыс) хандығының құрылғанына тәуелсіз Қазақстан күнтізбесінде 2019 жылы 750 жыл толған еді.
750 жыл бұрын Талас өзені бойында Шағатай, Үгедей мен Жошы әулеті бас қосып, ұлы құрылтай өтті. Ол тарихта «Талас құрылтайы» деген атаумен белгілі. Жошының ұлдары Бату хан негізін қалап, Берке хан іргесін бекіткен Алтын Орда Мөңке Темірдің билігі тұсында яғни 1269 жылы Талас құрылтайы барысында дербес, тәуелсіз хандық екендігін мойындатты. Бұл тамыры тереңге кеткен тарихтың бастамасы еді. Ғалымдар мен тарихшылардың деректерінде бүгінде қазақ руларының ішінде бар Арғын, Керей, Қыпшақ сынды ру-тайпалар және қазіргі қазақ руларының 20-ға жуығы сол замандағы 92 ру-тайпа Жошы ұлысына тіреу болғандығын жазады. Ғалым Шоқан Уәлиханов өзінің бір тарихи жазбаларында «Қазақтар өздерін Алтын Орда татарларының ұрпақтарымыз деп санайды», - деген дерек келтіреді. Жалпы Алтын Орда хандығының тамыры тереңде жатыр және қазіргі қарға тамырлы қазақ үшін оның қалыптасып, дамуында да бұл хандықтың орны орасан зор еді. Қазіргі Қарағанды облысы, Ұлытау аумағында Алтын Орданың негізін қалаған Жошы хан жерленген. Өткен жылы Жошы ханның кесенесіне зиярат жасаған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық туристік форумда Ұлытауды міндетті түрде Қазақстанның туристерді тарту картасының алды ету керектігін және туристер үшін арнайы орталықтар ашу керектігін нығырлап айтқан еді. Расында Алтын Орда хандығының 750 жылдығын есепке алу және оны атап өту туралы бастама көтеру бұл бәрінен бұрын ұлттық тарихымызға қайтадан бір сүңгіп, талдап, таразылап, өзіміздің ұлттық рухымызды көтеруде стимул болғандығын жасырмаймыз. Бүгінде хандық туралы түрлі тарихи деректер бар, бірақ оның бәрін бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес. Кең-байтақ иен далаға билік етіп, қаншама ұлыс, ру-тайпалардың басын бір жерге қосып, көшпенді өркениетін дамытып, бір ортаға ұйысқан қазақ халқының хандық тұсындағы өмірі бізге көп дерек және сабақ береді. Ақиқатында қазіргі өмір салты бөлек жаһандану ғасырында біз өз тарихымызды үлгі етіп, одан сабақ алып, оның жетістіктерін мақтангершілік үшін емес, ұрпақтың намысын көтеріп, белін бууда дәріптесек, оның жөні бөлек болмақ. Осы орайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өткен жылы Сочи қаласында өткен «Валдай» халықаралық пікірталас клубының кезекті отырысында «Алтын Орда – қазақтың мәдени кодының маңызды бөлшегі» деген еді. Мәдени және ұлттық код мәселесі туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында тереңнен талдап жазды. Әсіресе, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы қазақ халқының ата заманнан келе жатқан дәстүр-салты, кәсібі мен өркениеті және ұлттық-мәдени коды туралы жан-жақты деректер мен ой қорытындылар келтіреді. Бұл мақала ұлт мәдениетінің жинақталған бір контексі. Ал «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Елбасы «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу» деген ой айтады. Расында тарихқа қарайлап, оны зерделеу жөн, десе де одан қорытынды жасап, уақытқа қарай икемделу ол бөлек тақырып. Біз Алтын Орда тарихы арқылы өз ұлтымыздың ұлттық болмысын, табиғатын, салты мен дәстүрін, ділі мен тілін танимыз, білім көкжиегімізді кеңейтеміз. Қазіргі шекарасы ашық жаһандық үлкен қоғамдастықта өз ұлттық және мәдени кодымызды сақтап қалу өте маңызды. Себебі бұл халықтың бар және өзіндік «Менінің» барының көрсеткіші. Осы орайда тарихымызды жаңғырту, оны шетелдіктерге таныстыру мәселесін де кейінге шегерудің қажеті шамалы.
Мәселен, 2018 жылы Елбасының жарлығымен барша түркі жұртының алтын бесігі саналатын Түркістан облыс статусын алды. Осыдан кейін Түркістанда ауыз толтырып айтарлықтай даму кезеңі басталды. Әсіресе, туристік бағытты түлету кеңінен қолға алынды. Оған дейін де Түркістан туризм бойынша республикада көш бастаған аймақ еді. Облыс статусын алып, тарихи-мәдени ғимараттар жөнделіп, жаңа қонақ үй, жатын-жайлар бой көтергелі Түркістанға бір жыл ішінде миллион турист тартылды. Айтпағымыз, Алтын Орданың 750 жылдығын негізге ала отырып, барша қазақ хандарының қасиетті мекені саналатын Ұлытау өңірінің де туристік әлеуетін көтеру маңызды. Бұл туралы мемлекет басшысы «Ұлытау халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығына айналуы тиіс. Бұл жұмыстарды Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу қарсаңында бастау керек», деген еді. Қазақ хандығының жалпы тарихын тек бір туризммен шектеп қоймаймыз әлбетте, бұл тұрғыда сындарлы да салиқалы жобалар қолға алынды, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кезек күттірмес іс-шаралар бар. Алтын Орданың 750 жылдығы қазақ халқының талай ғасырлардан астам уақытқа татитын нақ тарихының дәлелі. Қазақ тәуелсіздігін алғанына 30 жыл толды, бірақ оның өткені тұғырлы. Отыз жылда етек-жеңімізді жинап, жаңа елорда тұрғызып, жаңа ұрпақ дәуірі бастау алды. Иә, біз тарих туралы жиі айтамыз, ой қозғаймыз, дауласамыз. Бірақ өзіміз өмір сүріп отырған дәуірдің әр секунды белгілі бір өмір тарихын, ұлт тарихын, әлем тарихын жасап жатқан жадымыздан шығарып аламыз. Қазір ғасыр тарихы мен тағдырын жасап, «технология» кемесіне мінген мемлекеттер бар. Оны бәрі онсыз да біледі. Ешкім де өз тарихы мен өткенін жаман демейді, одан сабақ пен өнеге алуға тырысады. Мүмкін біз көп дауласып, кейде көп кеуде керетін тарих – сол үшін де керек болар. «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», - деген Елбасының сөзі мұнда көп нәрсені айқындағандай. . Алдағы басты міндет өз-өзімізді ұмытпау, қазір әрекет ету дер едік. Ал болашақ соның жемісі мен айғағы ғана болып қала береді.