
Бакуда көптеген қала тұрғындары мен қонақтарының басын қосқан Көктемгі қайырымдылық жәрмеңкесі өтті. Іс-шараны Баку халықаралық әйелдер клубы (International Women's Club – Baku) және Қазақстанның Әзербайжандағы Елшілігі ұйымдастырды.
Жәрмеңкеге Бакуда қызмет ететін ондаған елшіліктер, жергілікті және шетелдік компаниялар, сондай-ақ еріктілер қолдау көрсетті.
Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел құттықтау сөзінде әлемде орын алып жатқан дағдарыстар кезінде мұндай іс-шаралардың ерекше маңыздылығын атап өтті. Дипломат өзара көмек пен мұқтаж жандарға, әсіресе балалар мен әйелдерге, қолдау көрсету біздің өркениеттік кодымыздың ажырамас бөлігі екенін айтты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілікке ерекше мән береді.
Баку халықаралық әйелдер клубының президенті Әсемгүл Байел жәрмеңкені ұйымдастыруға үлес қосқан барлық жандарға алғысын білдіріп, әрбір қайырымдылық көмегі өз иесіне жететінін атап өтті. Жиналған қаражат шейіттер отбасылары мен ардагерлерді, ерекше қажеттіліктері бар балаларды, кәсіп бастауға ниетті және көмекке мұқтаж әйел кәсіпкерлерді, жалғызбасты аналарды, балалар үйлерін қолдауға жұмсалады. Әсемгүл Байел клубтың миссиясы мұқтаж жандарды қолдау және әртүрлі мәдениет өкілдері арасындағы диалогты дамыту екенін жеткізді.
Іс-шараның ашылу салтанатында Әзербайжан Республикасы Парламентінің Отбасы, әйелдер және балалар мәселелері жөніндегі комитетінің төрайымы Хиджран Гусейнова, сондай-ақ Әзербайжан Республикасы Мәдениет министрінің орынбасары Саадат Юсифова сөз сөйледі. Олар жәрмеңке ұйымдастырушыларына осындай игі іс үшін алғыстарын білдірді. Қонақтар қайырымдылық жәрмеңкесі арқылы Баку тұрғындары қазақ мәдениетімен жақынырақ танысып жатқанын атап өтті.
Жәрмеңке аясында жергілікті және шетелдік шеберлердің қолөнер бұйымдары мен түрлі халықтардың тағамдары сатылды. Сонымен қатар, қызықты музыкалық бағдарлама мен ойын-сауық ұйымдастырылып, лотерея және жүлделер ұтысы өткізілді.
Баку халықаралық әйелдер клубы (International Women's Club – Baku) – 30 жылдан астам бұрын құрылған коммерциялық емес ұйым. Ұйым әртүрлі елдер мен мәдениеттердің өкіл әйелдерді біріктіріп, достықты, өзара түсіністікті нығайтуға және қайырымдылық, әлеуметтік жобаларды қолдауға бағытталған. Клуб мүшелері қатарында Бакуда аккредиттелген елшілердің жұбайлары, танымал кәсіпкер әйелдер мен қоғам қайраткерлері бар. 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап Клуб президенті болып Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісінің жұбайы Әсемгүл Байел сайланды. Ұйымның вице-президенті – әзербайжандық кәсіпкер Джамиля Гусейнова.