Бұл туралы Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байелдің Әзербайжан Республикасы Президентінің климат мәселелері жөніндегі өкілі Мұхтар Бабаевпен кездесуінде мәлімденді.
Тараптар экологиялық күн тәртібіндегі мәселелерді, Каспий теңізінің экожүйесін сақтау, алдағы бірлескен іс-шараларға дайындық және табиғатты қорғау саласындағы халықаралық бастамаларды өзара қолдау мәселелерін талқылады.
Әлім Байел әзербайжан тарапын 2026 жылғы 22-24 сәуір күндері Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммит жұмысына белсенді қатысуға тағы да шақырды. Саммит аясында Каспий теңізі деңгейінің төмендеу себептерін зерттеу жөніндегі бірлескен жұмыс тобының алғашқы отырысы өтеді. Тараптар бұл кездесудің Каспий теңізі акваториясында бірыңғай өңірлік экологиялық қауіпсіздік жүйесін құру жолындағы маңызды қадам болатынына үміт білдірді.
Елші Ә. Байел сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ жүйесі аясында толыққанды су ұйымын құру жөніндегі бастамасы туралы айтып берді. М. Бабаев Әзербайжан Республикасы Қазақстан көшбасшысының бұл бастамасын толық қолдайтынын мәлімдеп, бұл қадамды жаһандық климаттық сын-қатерлер жағдайында су ресурстарын басқару саласында қордаланған мәселелер тұрғысынан аса өзекті деп сипаттады.
Әзербайжан Президентінің өкілі мұндай ұйымды құру бастамасының уақтылы екенін атап өтті. Оның айтуынша су мәселелері бүгінде тек экологиялық сипатқа ие болып қана қоймай, қауіпсіздік пен экономикаға да тікелей әсер етеді, сондықтан оларды жүйелі түрде шешу қажет.
М. Бабаев Астана мен Бакудың қоршаған ортаны қорғау және климат мәселелеріндегі күш-жігерінің үйлесуі екі елдің ұлттық мүдделеріне сай келетінін, сондай-ақ бүкіл Каспий өңірінің орнықты дамуына елеулі үлес қосатынын атап өтті.
Жалпы, тараптар қазақ-әзербайжан қатынастарының даму қарқынын жоғары бағалап, экология саласындағы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға өзара мүдделіліктерін растады.