ТҮРКПА Қазақстандағы конституциялық реформаларды қолдайды

ТҮРКПА Қазақстандағы конституциялық реформаларды қолдайды

Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының Бас хатшысы Рамиль Гасан Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы Елшілігінде болды. Кездесу барысында Қазақстанның Бакудағы Елшісі Әлім Байел қазақстандық тараптың ТҮРКПА қызметіне ерекше мән беретінін және алдағы уақытта да осы ұйымға жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыратынын атап өтті.

Ә. Байел Бас хатшыны лауазымына кірісуімен тағы да құттықтап, оның тағайындалуымен ТҮРКПА қызметі одан әрі жетілдіріледі деген үміт білдірді. Сондай-ақ Елші Қазақстанда әзірленіп жатқан конституциялық реформа туралы айтып өтті.

Өз кезегінде Р. Гасан Қазақстанда Президент Қ. Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформаларды, атап айтқанда парламенттік жүйені қайта құруды қолдайтынын білдірді.

Бас хатшы ТҮРКПА-ның негізін қалаушылардың бірі ретінде Қазақстанның ұйым қызметіне белсенді атсалысып отырғаны үшін алғыс айтып, жалпытүркілік парламентаралық ынтымақтастыққа жаңа серпін берілетініне сендірді.

Кездесу қорытындысы бойынша ТҮРКПА Қазақстандағы конституциялық өзгерістерге қатысты ресми мәлімдеме жариялады.