Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел Әзербайжан Республикасы Президентінің сыртқы саясат жөніндегі көмекшісі Хикмет Гаджиевпен кездесті. Тараптар өткен жылғы екіжақты ынтымақтастықты қорытындылай отырып, алдағы кезеңге арналған жоспарларды талқылады.
Әлім Байел өзара сапарлардың жоғары қарқынын ынтымақтастықтың тығыздығын айқындайтын маңызды көрсеткіш ретінде атап өтті. Соңғы үш жылда Қазақстан Президенті Қ. Тоқаев Әзербайжанға алты рет, ал Президент И. Әлиев Қазақстанға бес рет сапармен келген.
2025 жылғы 8 тамызда Әзербайжан мен Армения арасындағы көпжылдық жанжалға нүкте қойылғанына назар аударылды. Бейбіт реттеу жөніндегі тарихи Декларацияға қол қойылды. Қазақстан да бейбіт процеске өз үлесін қосып, 2024 жылы әзербайжан-армян келіссөздеріне алаң ұсынған болатын. Әзербайжан аумағы арқылы Арменияға соңғы 30 жылда алғаш рет жіберілген жүк ретінде қазақстандық бидайдың өтуі символдық әрі практикалық маңызға ие екені айтылды. Тараптар коммуникацияларды одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.
2025 жылғы маңызды оқиғалардың бірі Әзербайжанның Орталық Азия көшбасшылары саммиттері форматына толыққанды қосылуы болды. Қазақстан бұл процеске жан-жақты қолдау көрсетті. Қазақстан көшбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әзербайжан баспасөзіне берген мәлімдемесінде Әзербайжанды C5 + АҚШ форматында көргісі келетінін атап өтті.
Тараптар бірлескен инвестициялық қорды пайдалана отырып, экономикалық және өнеркәсіптік кооперацияны күшейту қажеттілігіне, сондай-ақ көлік-логистикалық және энергетикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңыздылығына мән берді. Сонымен қатар, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды. Қазақстан мен Әзербайжан Еуразия кеңістігінде жаңа геосаяси және геоэкономикалық архитектураны қалыптастыруға бірлесіп белсенді қатысып отырғаны айтылды.