
Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы Елшісі Әлім Байел ҚР Бас прокуратурасының «Халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін» ведомстволық медалін Әзербайжан Республикасының Әділет министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры, Қылмыстық істер бойынша Еуропалық конвенцияларды орындау жөніндегі сарапшылар комитетінің төрағасы Адиль Абиловқа табыстады.
ҚР Бас Прокуроры Берік Асылов А. Абиловты консультативтік көмек пен конструктивті қолдау көрсеткені үшін марапаттау туралы шешім қабылдады.
Қазақстанның Бакудағы Елшілігінде өткен табыстау салтанатында Ә. Байел қазақ-әзербайжан ынтымақтастығының жоғары деңгейінің астын сызды. Дипломат Президент Қ.К. Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидасына ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтіп, екі елдің құқық қорғау органдары арасындағы өзара әрекеттестіктің маңыздылығына назар аударды.
Өз кезегінде А. Абилов көрсеткен құрметі үшін Қазақстанға алғысын білдіріп, екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы туралы айтып берді.