Құрметті әріптестер!
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық етеді.
Биыл Еуразиялық экономикалық одақ үшін мерейтойлық жыл болды. Біз интеграциялық бірлестігімізді дамытудың екінші онжылдығына нық сеніммен қадам бастық. Соңғы жылдардағы жаһандық дүрбелеңдерге қарамастан мемлекеттеріміздің экономикасы оң қарқын алды.
Алдағы ортақ міндетіміз – ЕАЭО-ның әлеуеті мен бәсекеге қабілеттілігін нығайту, интеграциялық тиімділігін күшейту.
2026 жылы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі экономикалық процестерді одан әрі дамыту туралы 2030 жылға дейінгі және 2045 жылға дейінгі кезеңге арналған «Еуразиялық экономикалық жол» декларациясы жүзеге асырыла бастайды. Осы стратегиялық құжатта белгіленген мақсаттар мен міндеттерге баса назар аударылады.
Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалығы барысында Қазақстан Республикасы келесі негізгі бағыттарға ден қоюды ұсынады.
1. Жасанды интеллект – экономикалық интеграцияны дамытудың тың құралы.
Әлемде бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктерге жол ашатын тарихи дәуір басталды. Алайда технологиялық теңсіздіктің артуымен бірге жаңа қатерлер де пайда болады.
Сарапшылардың бағалауынша, соңғы жылдары жасанды интеллектіні дамытуға құйылған жаһандық инвестиция көлемі 1 триллион доллардан асты. Ал ЖИ-дің әлем экономикасына қосатын үлесі алдағы онжылдықта 10 триллион доллардан асуы ықтимал.
Біздің міндетіміз – жаңа технологияларды халықтарымыздың игілігіне бағыттап, еуразиялық экономикалық интеграцияның басты факторына айналдыру.
Қазірдің өзінде жасанды интеллект технологиялары сауда ағынын болжауға қатысты мәселелерді оң шешіп, кедендік түсімдер мен сауда келісімдерінің мемлекет экономикасын өркендетуге ықпалын дәл бағалай алады.
Қазақстан Республикасы алдағы уақытта толық цифрлық мемлекетке айналу жөнінде стратегиялық мақсат қойды. Астанадағы Alem.ai орталығы, Алатаудағы CryptoCity пилоттық аумағы секілді мемлекеттік бастамалар цифрлық экожүйені белсенді дамытуға дайын екенімізді көрсетеді.
Қазақстан ЕАЭО аясындағы серіктестерімен жасанды интеллект, цифрлық реттеу және экономиканы трансформациялау салаларында білім мен тәжірибе алмасуға әзір. Бірлескен күш-жігер арқылы технологиялық жаңашылдықтарға оңай бейімделе аламыз.
2026 жылы Астанада өтетін Еуразиялық экономикалық форум алаңында ЕАЭО шеңберінде жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту жөніндегі бірлескен мәлімдемеге қол қоюды ұсынамыз.
Аталған құжат елдеріміздің цифрлық трансформация саласындағы ынтымақтастығының жаңа бағытын айқындайды.
2. Еуразияның логистикалық хабы: әлеуеттен – көшбасшылыққа.
Еуразиялық экономикалық одақ, бұл – Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы геосаяси көпір. Елдеріміздің территориялары арқылы негізгі көлік бағыттары өтеді. Осы орайда біз ортақ мақсатқа ден қойып, құрлықтағы жетекші логистикалық хабқа айналуға тиіспіз.
Бұл үшін көлік-логистикалық және кедендік инфрақұрылымды жетілдіру, халықаралық көлік дәліздері мен мультимодальдық тасымалды ілгерілету бойынша шұғыл шаралар қабылдап, ЕАЭО мен үшінші елдердің ірі логистикалық компаниялары арасында тығыз ықпалдастық орнату қажет.
Интеллектуалды жүйені енгізу және үлкен деректерді пайдалану біртұтас логистика құруға мүмкіндік береді. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер аумағымен өтетін жүк барынша тез, кедергісіз әрі бюрократиялық әуре-сарсаңсыз тасымалдануы керек.
Қазақстан бұл бағытта белсенді жұмыс атқарып келеді. Smart Cargo қанатқақты жобасы іске қосылды. Құжаттандыру ісі электронды форматқа ауыстырылуда. Бұл платформаны ЕАЭО елдеріндегі серіктестеріміздің жүйелерімен интеграциялауға әзірміз.
ЕАЭО аясында жасанды интеллект базасы арқылы кіріктірілген жүк ағынын басқару жүйесін құруды ұсынамыз. Мұндай платформа жеткізу мерзімі мен қаржылық кешіктірулерді азайтуға, еуразиялық дәліздердің бәсекеге қабілетін арттыруға ықпал етеді. Жаһандық тасымал тізбегіне қосыла алатын бірыңғай көлік құрылымын қалыптастыру үшін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерді күш жұмылдыруға шақырамыз.