Қазақстан Республикасының Бакудағы Елшілігінде Әзербайжанның танымал блогерлері мен инфлюенсерлерінің қатысуымен Жаңа 2026 жыл қарсаңында кездесу өтті. Іс-шараға туризм, маркетинг, модельдік бизнес, ойын-сауық, әлеуметтік мәселелер және саяси шолу салаларында танымал 22 инфлюенсер қатысты. Олардың жалпы аудиториясы 2,6 миллионнан астам оқырманды құрайды.
Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел ағымдағы жылды қорытындылап, мемлекетаралық деңгейде ғана емес, сонымен бірге екі халық арасындағы қатынастардың нығайып келе жатқанын қуаныш сезімімен атап өтті. Ол Қазақстан достарына халықтық дипломатия жүргізгендері үшін алғыс білдіріп, 2024-2025 жылдары Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы туристік ағынды арттыру мақсатында Елшілік, Air Astana және еліміздің бірқатар облыстары тарапынан 12 блог-тур ұйымдастырылғанын айтып берді. Сондай-ақ, 2024-2025 жылдары Елшілік екі туристік форум өткізді. Жалпы, екі ел арасындағы туристер саны тұрақты өсіп келеді.
2024 жылы Виктория Разминович, Рустам Набидзаде және Абдулла Гулиев Алматы, Қонаев, Шымкент қалаларында және Алматы мен Түркістан облыстарында бірнеше туристік орындарды аралады. Сеймур Алиев Астана, Бурабай және Алматы қалаларына сапары кезінде Қазақстанның туристік әлеуеті, мәдениеті мен ұлттық дәстүрлерін таныстырды.
2025 жылы Елшілік Астана, Алматы және Түркістанға бірнеше блог-тур ұйымдастырды. Әзербайжандық блогерлер Шымбұлақ тау-шаңғы курортының қызметін таныстырып, қысқы туризмді насихаттады. Ирада Гадирова Түркістан облысындағы тарихи-мәдени мұраны паш етті және болашақта Шығыс Қазақстан облысындағы Алтайдың табиғи әсемдігімен танысуды армандап отырғанын айтты.
Жалпы, блогерлер Қазақстанға жасаған сапарларынан үлкен әсер алғандарын жеткізді. Олар халықтың қонақжайлығын, табиғаттың сұлулығын, бай мәдениет, дін мен тарих мұрасын, дәстүрлерді, дәмді тағамдарды және ұлттық саябақтардағы дамыған туристік инфрақұрылымды ерекше атап өтті.
Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы өзара танымалдықты арттыру жоспарлары талқыланған кездесуде фильмдер мен бағдарламаларды түсіру, блогер топтарымен алмасу, Қазақстан-Әзербайжан сән көрсетілімдерін ұйымдастыру және Алтай мен Маңғыстау облысына жаңа сапарлар ұйымдастыру жөнінде бірнеше бастамалар көтерілді.