Бакуда Қазақстан мәдениетінің онкүндігі өтті

Бакуда Қазақстан мәдениетінің онкүндігі өтті

2025 жылғы 5-16 желтоқсан аралығында Қазақстанның Әзербайжандағы Елшілігінің қолдауымен Баку қаласында қазақ мәдениетінің онкүндігі өтті. Еліміздің кино, театр және креативті жобалар саласындағы жетістіктері таныстырылды. Баку тұрғындарына толықметражды фильмдер, музыкалық драма және халықаралық деңгейде танылған ойын әзірлемелері ұсынылды.

Іс-шаралардың бір бөлігі Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) мәдениет пен креативті индустриялар саласындағы негізгі оқиғаларының бірі саналатын ауқымды халықаралық «Baku Creative Week – 2025» фестивалі аясында өтті.

Қазақстан киносы күндері шеңберінде «Мереке», «Операция «Набат»», «Жабайы» және «Менің атым Қожа» атты фильмдер көрсетілді. Көрсетілімдерден кейін көрермендер қазақстандық делегация өкілдерімен, олардың ішінде актер Бақыт Қажыбаев пен сценарист Тамерлан Алмановпен фильмдердің көркемдік және мәдени қырларын талқылау мүмкіндігіне ие болды.

Әзербайжан мемлекеттік академиялық музыкалық театрында Астана қаласы әкімдігінің Жас көрермендерге арналған музыкалық театрының орындауында «Әміре» музыкалық драмасы сахналанды. Қойылым көрнекті қазақ әншісі Әміре Қашаубаевтың Париждегі «ЭКСПО» дүниежүзілік көрмесінде өнер көрсеткеніне 100 жыл толуына арналды.

G-HUB саммиті аясында өткен Turkic Game Jam 2025 финалында Almaty Creative Hub-та ұйымдастырылған Алматы хакатонының жеңімпаз жобалары таныстырылды. Murakami Kult және Teqesh командалары өздерінің ойын әзірлемелерін 50-ден астам мемлекеттен келген халықаралық қазылар алқасы мен сарапшыларға ұсынып, Алматы ойын индустриясының жоғары деңгейде дамығанын дәлелдеді.

Қатысушылардың ерекше қызығушылығын Women’s Creativity Forum тудырды. Форумда қазақстандық әйел кәсіпкерлер мен дизайнерлер цифрландыру, инновацияларды енгізу, жастарды қолдау және мәдени кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар, Azerbaijan Fashion Week аясында сән көрсетілімі өтті. Іс-шараға Қазақстан атынан дизайнерлер Әлия Жұман мен Тимур Тұрсынқұлов қатысып, олардың топтамалары бағдарламада айрықша орын алды.

Онкүндік қорытындысы ретінде Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының ұжымы Баку тұрғындарына «Менің досым» атты пьесаны ұсынды. Қойылым үй жануары мен оның иесі арасындағы байланысты суреттейтін трагикомедия жанрында.