Бакуда ТМҰ мүше мемлекеттерінің ҮЕҰ ынтымақтастық форумы өтті

Бакуда ТМҰ мүше мемлекеттерінің ҮЕҰ ынтымақтастық форумы өтті

23-26 қарашада Баку қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдерінің үкіметтік емес ұйымдарының (ҮЕҰ) ынтымақтастық форумы өтті. Іс-шараны Әзербайжан Республикасы ҮЕҰ мемлекеттік қолдау агенттігі ұйымдастырды.

Қазақстан тарапынан форумға Әзербайжандағы Елші Әлім Байел, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті Төрағасының орынбасары Жанаргүл Әлжанова, сондай-ақ «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Сенімен болашаққа» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Community Hub» қоғамдық қоры, «Екінші республика» қоғамдық қоры және Түркі кәсіпкерлер ассоциациясының өкілдері қатысты.

Қазақстан делегациясынан бөлек, аталған іс-шараға Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Мажарстан және Солтүстік Кипр Түрік Республикасынан 500-ден астам азаматтық қоғам өкілдері қатысты.

Іс-шара аясында «Қазақстан мен Әзербайжанның ҮЕҰ I Форумы» ұйымдастырылды.

25 қарашада Әзербайжанның төрағалығымен Түркі мемлекеттерінің ҮЕҰ платформасы құрылып, Ынтымақтастық форумы Нахчыван қаласында жалғасын тапты. Сондай-ақ, «WUF13-ке жол – түркі әлемінде алғаш рет» тақырыбында панельдік дискуссия өтті.

Іс-шара нәтижесінде қатысушылар бірлескен мәлімдеме қабылдады және 13-ші Әлемдік қалалар форумына (2026 жылы, Әзербайжан) шақыру алды.