Мемлекет басшысы бұл сапардың екі ел арасындағы Стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастар туралы шарттың 20 жылдығымен қатар келуінің символдық мәні бар екенін атап өтті

Мемлекет басшысы бұл сапардың екі ел арасындағы Стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастар туралы шарттың 20 жылдығымен қатар келуінің символдық мәні бар екенін атап өтті

Осы уақыт ішінде мемлекеттеріміз екіжақты ынтымақтастықты өрістетуде зор табысқа жетті.

Халықтарымыздың достығы мен өзара қолдауының, жоғары деңгейдегі қарқынды саяси диалог пен үкіметтердің жүйелі жұмысының арқасында көпжоспарлы қазақ-әзербайжан ынтымақтастығы жаңа мазмұнмен толығып, өркендеп келеді. Бүгінгі келіссөздер қорытындысы – соның айқын дәлелі. Біз өзара сенім мен құрмет рухында екіжақты күн тәртібінің кең көлемдегі мәселелерін талқылап, сан қырлы ықпалдастығымыздың басым бағыттарын белгіледік. Жоғары мемлекетаралық кеңес отырысы жемісті өтті. Бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Екіжақты ынтымақтастықты дамытудың кешенді бағдарламасы жоспарлы түрде атқарылып жатқаны қуантады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекеттер басшылары келіссөздер барысында сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге баса мән берді. Екіжақты тауар айналымын жақын арада еселеп, оны бір миллиард долларға дейін жеткізу үшін қажетті шаралар қабылдауға уағдаласты.

Ауыл шаруашылығы, энергетика, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, цифрландыру салаларында мүмкіндігіміз мол. Қос тарап бірлескен кәсіпорындар құруға ниет танытты. Бұл мәселеде айтарлықтай алға жылжу бар. Мәселен, трансформатор өндірісін іске қосу жоспарланған, тұрғын үй мен инфрақұрылым нысандарының құрылысы жүргізілуде, кеме жасау саласында ортақ жоба пысықталып жатыр. Үкіметтерге осы бағыттарды бақылауда ұстап, қысқа мерзім ішінде Өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты дамытудың жоспарын немесе жол картасын қабылдау тапсырылды. Өзара тиімді жобаларды қаржыландыру мақсатында Қазақстан-Әзербайжан тікелей инвестиция қорының қызметін жандандыруға келістік. Екі елдің іскерлік топтары арасындағы қарым-қатынасты одан әрі кеңейту қажеттігіне назар аудардық. Осы ретте сапар аясында өтіп жатқан Қазақстан-Әзербайжан бизнес форумының маңызы зор, – деді Президент.

Мемлекет басшысы келіссөздер кезінде ірі инфрақұрылымдық, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағдары секілді стратегиялық тұрғыдан маңызды жобаларды жүзеге асыру барысы қарастырылғанын жеткізді.

Былтыр бұл бағытта жүк тасымалдау көлемі 62 пайызға өсіп, 4,5 миллион тоннаны құрады. Биылғы көрсеткіштер де көңілге сенім ұялатады, өсім 2 пайызды құрады. Шетелдік серіктестермен бірге шектеулерді жойып, дәліз бойында бірыңғай ұзақ мерзімді тариф орнатуға жұмыс істеп жатырмыз. Бұл барлық бағдар бойынша кедергісіз тасымалдауды қамтамасыз етіп, тиімділікті көтеретіні сөзсіз. Яғни жүк тасымалының көлемін жоспарға сәйкес 10 миллион тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, порттардағы терминалдардың қуатын арттыруға назар аударылды. Қазақстан Ақтауда контейнерлік хаб құрылысын жүргізуде. Шетелдік, соның ішінде қытайлық серіктестердің қатысуымен Алят портында салынып жатқан жүк терминалының келешегі зор. Келіссөз барысында жүк экспортына арналған жаңа Транскаспий паром жүйесін құру мүмкіндігін талқыладық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келіссөздерде энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайту маңызды тақырыптың бірі болды. Бұл бағытта екі елдің де әлеуеті мол.

Қазақстан мұнайын Баку – Тбилиси – Жейхан бағдары бойынша тасымалдау жөніндегі бірлескен жұмысты ерекше атап өткім келеді. Былтыр Әзербайжан арқылы бұл стратегиялық шикізат транзиті бір жарым миллион тоннаға жуықтады. Жақын арада мұны айтарлықтай ұлғайту қажет. Теңіз табанына төселетін электр кабельдері жобасы ұлттық энергия жүйесін дамытуға серпін береді. Бұл біздің «жасыл» энергия экспортындағы позициямызды күшейте түседі. Әзербайжан аумағы арқылы қазақстандық уран өнімдерін шетел нарықтарына жеткізу аясында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы орайда барлық негізгі бастамалар мен жобаларға қолдау көрсеткені үшін құрметті Әзербайжан Президентіне ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.

Мемлекеттер басшылары жасанды интеллектінің қарқынды дамып келе жатқанын ескере отырып, ІТ сектор екіжақты қатынастарға мол мүмкіндік ашатынына тоқталған.

Қазақстан мемлекеттік қызметті цифрландыруда, ІТ технологияларды дамытуда тәжірибе жинақтады. Біз осы салада бірлескен жобаларды іске асыруға дайынбыз. Келіссөздер барысында Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасын жеделдетудің маңызын атап өттік. Үкіметтерге оны қысқа мерзім ішінде әзірлеу жөнінде тапсырма берілді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Екіжақты күн тәртібінде мәдени-гуманитарлық саладағы ықпалдастық ерекше орын алады.

Кейінгі жылдарда екі елде алма-кезек өткен Қазақстан мен Әзербайжанның Мәдениет күндері және Кино күндері айтулы оқиғаға айналды. Бұл бағыттағы жұмысты жүйелендіру үшін Мәдени ынтымақтастық бағдарламасын қабылдауға уағдаластық. Білім мен ғылымды, жастар байланысын дамытудың перспективасы мол екеніне арнайы тоқталдық. Осы мақсатта Бакуде былтырдан бері Қазақстан-Әзербайжан ғылым және білім орталығы қызмет етеді, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ тараптар өңірлік және жаһандық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасқан.

Біз халықаралық саясаттың барлық өзекті мәселелері бойынша ұстанымдарымыз ұқсас екенін атап өттік. Көпжақты құрылымдар аясындағы жұмысты үйлестірудің маңызына мән берілді. Өңірлік және жаһандық деңгейде бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға ұмтылатынымызды жеткіздік. Баршаңызға белгілі, Президент Ильхам Гейдар оглу Әлиев Президент Трамптың белсенді араағайындығымен Вашингтонда Әзербайжан мен Армения арасында бейбіт декларацияға қол қойып, тарихи миссиясын орындады. Қазақстан мұны ресми түрде құптады. Қол жеткізілген келісімдер Оңтүстік Кавказдағы сенімді нығайтып, жалпыға ортақ өркендеу үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп ойлаймын. Жалпы, сапар қорытындысы бауырлас халықтардың игілігі үшін стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухындағы қазақ-әзербайжан қарым-қатынастарын одан әрі дамытуға қос тарап та дайын екенін айқын көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.