Шығыс Қазақстан мен Әзербайжан ынтымақтастықты дамытпақ

Шығыс Қазақстан мен Әзербайжан ынтымақтастықты дамытпақ

Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына барды. Дипломат облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановпен кездесті.

Әлім Байел Алтайдың түгел түркінің алтын бесігі ретінде әзербайжандық туристер үшін үлкен тартымдылық әлеуетіне ие екенін атап өтті. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысы Әзербайжан үшін өзара сауда, өнеркәсіптік ынтымақтастық және ауыл шаруашылығын дамыту тұрғысынан қызығушылық тудырады. Оның айтуынша, биыл Қазақстан Әзербайжанға бидай жеткізуші негізгі елге айналып, Әзербайжанның астық импортының 85%-ын қамтамасыз етті. Дипломат осы үлгімен Шығыс Қазақстаннан Әзербайжанға күнбағыс майын экспорттауды жолға қоюды ұсынды. Ә. Байел күнбағыс өңдеу бойынша бірлескен кәсіпорын құру бастамасын көтерді. Елші, сонымен қатар, Шығыс Қазақстан кәсіпкерлерінің жақын арада Әзербайжан супермаркет желілеріне бал жеткізе бастайтынын айтты.

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, Шығыс Қазақстан облысы мен Әзербайжан арасындағы бірлескен жобалардың перспективалары бар. Шығыс Қазақстан кәсіпкерлерінің Әзербайжан нарығына ұсынатын мүмкіндіктері де жеткілікті. Географиялық жақындықты, екі ел арасындағы мәдени байланыстарды және Шығыс Қазақстанның алуан түрлі туристік мүмкіндіктерін ескере отырып, өңір Әзербайжан туристеріне емдік-сауықтыру демалысын ұсынуға дайын. Облыс басшысы өңірдің тау-кен өнеркәсібіндегі үлкен әлеуетіне де назар аударды.

Тараптар нақты жобаларды жүзеге асыру бойынша жұмыс жүргізуге келісті.