Қазақстан мен Әзербайжан Алакөлде санаторий салу жұмыстарын жүргізуде

Қазақстан мен Әзербайжан Алакөлде санаторий салу жұмыстарын жүргізуде

Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел қазақ-әзербайжан делегациясымен бірге жұмыс сапарымен Абай облысына келді. Семей қаласында Елші облыс Әкімі Берік Уәлимен кездесті. Кездесуге Қазақ-әзербайжан іскерлік кеңесі тең төрағасының орынбасары Аслан Құнияров, сондай-ақ Әзербайжан инвестиция холдингі мен Әзербайжан инвестиция компаниясының өкілдері қатысты.

Елші Әлім Байел бастаған делегация Алакөл жағалауында санаторлық-курорттық кешен салу бойынша инвестициялық жобаны таныстырды.

«Бүгінгі таңда Қазақстан мен Әзербайжан одақтастық қатынастардың жаңа деңгейіне шықты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Әзербайжанға үш рет ресми сапармен келді. Мемлекет басшысы алдымызға Әзербайжанмен экономикалық байланыстарды нығайтып, өндіріс және туризм салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөнінде нақты міндет қойды. 2024 жылы біз Қазақстан мен Әзербайжанның бірлескен инвестициялық қорын құрдық. Алакөлдегі жоба осы қор аясындағы алғашқы жобалардың бірі бола алады. Сонымен қатар, Әзербайжаннан қосымша инвестиция тартамыз», – деп айтты Әлім Байел.

«Қазақ пен әзербайжан – тарихы бір, тамыры ортақ туысқан елдер. Бізді біріктіретін ортақ дүниелер көп. Біздің облысымызға осындай тамаша ұсыныспен келгендеріңізге, туристік кешенді біздің аймақта салуға ниет білдіргендеріңізге қуаныштымыз. Қазіргі таңда Алакөл туристік аймағының бас жоспары әзірленіп жатыр. Сол жерден орын бөлуге дайынбыз. Әкімдік тарапынан тиісті көмек көрсетілетін болады», – деді Берік Уәли.

Қазақстан мен Әзербайжанның бірлескен инвестициялары есебінен жыл бойы жұмыс істейтін, бір мезетте 800 адамды қабылдай алатын туристік нысан салу жоспарланып отыр. Инвестиция көлемі – 20 миллион АҚШ доллары. Кешен іске қосылған кезде 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл жоба өңірдің туристік тартымдылығын арттырып, жергілікті бюджетке түсетін салық көлемін ұлғайтып, медицина мен демалысты тоғыстырған жаңа кластер қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Әрі қарай делегация Алакөлге барып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Мақаншы ауданының әкімі мен Абай облысы туризм басқармасының басшысы қонақтарды өңірдің инфрақұрылымдық даму жоспарларымен таныстырды. Әлім Байел Алакөл жобасының Қазақстан мен Әзербайжанның туризм саласындағы ынтымақтастығында маңызды қадам болатынын атап өтті.