Бакуда Қазақстан-Әзербайжан Іскерлік кеңесінің жұмыс кездесуі өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел, Әзербайжанның Шағын және орта бизнесті дамыту агенттігінің (KOBİA) Басқарма төрағасы Орхан Маммадов, Қазақстан-Әзербайжан Іскерлік кеңесінің теңтөрағасы Дәурен Бимов және Әзербайжан тарапынан жаңа тағайындалған теңтөраға Эмин Садиг қатысты.
Кездесу басында О. Маммадов Іскерлік кеңестің Әзербайжан тарапынан жаңа теңтөрағасы – танымал кәсіпкер Эмин Садигті таныстырды.
Елші Ә. Байел өткен жылы Қазақстан тарапынан Дәурен Бимовтың теңтөраға болып тағайындалуымен Іскерлік кеңестің жұмысына жаңа серпін берілгенін атап өтті. Мәселен, соңғы бір жыл ішінде Іскерлік кеңестің үйлестіруімен Әзербайжанға Қазақстаннан 9 бизнес делегациясы сапармен келді. Дипломат жаңа әзербайжандық теңтөрағаның тағайындалуымен бұл құрылымның жұмысы әрі қарай жандана түсетініне сенімбілдірді.
Сондай-ақ, Ә. Байел 2025 жылдың алғашқы 4 айында Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымының 20%-ға өскенін қанағаттанумен атап өтті. Бүгінде екіжақты саудатәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары деңгейге жетіп отыр. Елші әсіресе Қазақстанның Әзербайжанға астық жеткізудегі жетекші рөлін ерекше атап өтті.
«Әзербайжан импортының жалпы көлемінде қазақстандық бидайдың үлесі рекордтық 88%-ды құрады», – деді Елші.
Іс-шара барысында Д. Бимов логистика, агроөнеркәсіп, энергетика, сауда, инфрақұрылым дамыту, мейрамхана бизнесі мен цифрландыру салаларындағы бірлескен қазақ-әзербайжан жобаларының перспективалары туралы айтып берді.
Әзербайжан тарапы Қазақстанның астығы мен ұнының жергілікті тұтынушы үшін артықшылықтарына жасалған талдаудың нәтижелерімен таныстырды. Қазақстан бидайының сапасы жоғары екені және елімізден жеткізілімдердің тұрақтылығын қамтамасыз ету қажеттілігі айтылды.
Ә. Байел Қазақстан басшылығының Әзербайжанмен өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға ерекше мән беріп отырғанын атап өтті. Өз кезегінде О. Маммадов Қазақстанмен бірлескен жобаларды іске асыру бағытындағы жұмысты жандандыруға дайын екенін жеткізді.
Кездесу нәтижесінде екі ел кәсіпкерлері жақын арада жаңа бірлескен брендпен қазақстандық ұнның алғашқы партиясын Әзербайжанға жеткізуге уағдаласты.