Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 20%-ға өсті

Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 20%-ға өсті

Бұл туралы Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен кездесу барысында мәлімдеді. Қазақстанның Бакудағы Елшілігінде өткен іс-шара Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерінің және Әзербайжанның ірі холдингтері мен компанияларының, әмбебап дүкен желілері мен ұн тарту кәсіпорындары өкілдерінің басын қосты.

Қазақстан Елшісі еліміздің аграрлық-өнеркәсіптік кешендегі инвестициялық мүмкіндіктері, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы басым жобалары туралы ақпарат беріп, кәсіпкерлерді белсенді инвестициялық және сауда-экономикалық өзара іс-қимылға шақырды.

Әлім Байел 2025 жылдың алғашқы 4 айында Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымының 20%-ға өскенін атап өтті. Екіжақты сауда тәуелсіздік кезеңіндегі рекордтық деңгейге шыққан.

«Биыл Қазақстанның Әзербайжанға негізгі астық жеткізушісіне айналғаны ерекше қуантады. 2025 жылғы қаңтар-мамыр кезеңінде Қазақстан астығының Әзербайжанға экспорты 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 86%-ға ұлғайып, 450 мың тоннаны немесе 95 млн долларды құрады. Әзербайжан импортының жалпы көлемінде Қазақстан бидайының үлесі рекордтық 88% құрайды», – деді дипломат.

Бұл екі елдің тиісті құрылымдарының үйлесімді жұмысының арқасында мүмкін болды. Атап айтқанда, өткен жылы Қазақстанның Бакудағы Елшілігінде ауыл шаруашылығы форумы ұйымдастырылды. Елші Ә. Байел дихандар мен кәсіпкерлерді қол жеткізілген табысты жалғастыруға және ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасы бойынша ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жолға қоюға шақырды.

Кездесу аясында бизнес-қоғамдастық өкілдері екіжақты ынтымақтастықты күшейту бойынша пікірлерін білдірді. Іс-шара барысында екі елдің компаниялары арасында В2В кездесулер өтті.

Жалпы, Қазақстан Әзербайжанға астық, алюминий, химикаттар, металл мен мұнай өнімдерін экспорттайды және бұл елден машина жасау өнімдерін, этилен полимерлерін және азық-түлікті импорттайды.