Әзербайжанның Лачин қаласында «ТМД-ның 2025 мәдени астанасы» іс-шарасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Рәсімге атақты ғылым және мәдениет қайраткерлері, Достастық елдері мен халықаралық ұйымдардың бейінді министрліктерінің өкілдері қатысты.
Әзербайжанның Милли Мәжіліс Мәдениет жөніндегі комитетінің Төрағасы, ТМД ПАА-ның Мәдениет, ақпарат, туризм және спорт жөніндегі тұрақты комиссиясы төрағасының орынбасары Полад Бюльбюльоглу Лачинге «Достастықтың мәдени астанасы» мәртебесінің берілуі әлемге қаланың бай мәдени мұрасын ұсынуға мүмкіндік беретін маңызды оқиға екенін атап өтті.
Тақырыптық жыл аясында Лачинде «мәдениетаралық ынтымақтастық орнықты дамуға жол ретінде» тақырыбында дөңгелек үстел және халықаралық мәдени іс-шаралар өтті. Аталған іс-шараларға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, сондай-ақ «Алатау әуендері» қазақстандық концерттік ұйымы қатысты. ТМД елдерінің мәдениетіне арналған жәрмеңкеде қазақ ұлттық тағамдарын астаналық аспаз кәсіпкер Әсем Берекболова ұсынды.
«Құлансаз» қазақстандық фольклорлық-этнографиялық ансамблінің сүйемелдеуімен Жарас Нақыпбек, Әділет Жексембі және Нурлан Ашимов «Өз елім» әнін орындады.
Сонымен қатар, Лачиндегі «Юрд» галереясында «Бірлік түстері» атты халықаралық көркемсурет көрмесі ашылды. Экспозицияда отандасымыз Оралбек Кабокенің жұмыстары ТМД-ның өзге елдерінен келген суретшілерімен қатар ұсынылды. Көрменің мақсаты – ТМД елдерінің мәдениеті мен өнерінің бай үлгілерін біртұтас кеңістікте жинау, осылайша халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастық қатынастарын одан әрі нығайтуға ықпал ету. Бұл оқиғалар мәдениетаралық диалогты нығайтуға бағытталған.
Лачинге ТМД-ның мәдени астанасы мәртебесін беру туралы шешімді өткен жылдың 8 қазанында ТМД-ның гуманитарлық ынтымақтастық кеңесі қабылдады.