Әзербайжан астанасында бастауыш сынып оқушылары үшін ең ірі білім беру іс-шараларының бірі – FEMO International VII Халықаралық олимпиадасының финалдық кезеңі өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы Елшілігі, Қазақстанның Республикалық физика-математика мектебі (РФММ) және Баку қ. Oxbridge Academy халықаралық мектебі ұйымдастырды.
Елші Әлім Байел Олимпиаданың жабылу салтанатындағы сөзінде аталған іс-шараның Бакуда өтуі Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтудағы тағы бір қадам екенін атап өтті. Дипломат Әзербайжан еліне қазақстандық бастаманы қолдағаны үшін алғысын білдірді.
FEMO олимпиадасы – 1-5 сынып оқушыларын біріктіретін қазақстандық жоба. Ол математикаға деген қызығушылықты дамытуға және балаларда зерттеу және логикалық ойлауды қалыптастыруға бағытталған. Аталған жоба алғаш рет Қазақстанда 2017 жылы басталып, 2018 жылдан бастап халықаралық мәртебеге ие болды. Бүгінгі таңда FEMO – ондаған мемлекеттің дарынды балаларының бас қосатын ауқымды платформа.
FEMO International 20-дан астам елден, соның ішінде Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ұлыбритания, АҚШ, Беларусь, Түркия, БАӘ, Сауд Арабиясы, Тәжікстан, Германия, Польша, Франция, Индонезия, Ресей және Кипрден қатысушыларды біріктіреді
2025 жылы Баку қаласындағы финалға 450-ден астам оқушы – қысқы және көктемгі кезеңдердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері келді.