2025 жылғы 31 мамырда Баку қаласының Гейдар Әлиев атындағы Халықаралық әуежайында «Air Astana» қазақстандық әуе компаниясының Атыраудан Бакуға алғашқы рейсін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.
Алғашқы жолаушыларды Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел, «Air Astana» ұлттық әуе тасымалдаушысының өкілдері, Баку әуежайының басшылығы қарсы алды. Атыраудан Бакуға ұшып келгендерді домбыраның күмбірі мен қазақ ұлттық тағамдары күтіп тұрды.
Елші Ә. Байел БАҚ өкілдеріне берген мәлімдемесінде елдер арасындағы байланыс қарқынының көрсеткіштерінің бірі олардың арасындағы рейстер саны екенін атап өтті.
«Сондықтан біз рейстер санының артып келе жатқанына және елдеріміз арасындағы ұшу географиясының кеңеюіне қуаныштымыз. Осы жазда Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы рейстер саны аптасына 34 ретке жетеді. Бұл ретте біз рұқсат етілген рейстер санын 70-ке дейін арттырып отырмыз. Яғни, өсу жалғасады. Қазіргі таңда Бакудан ұшақтар Астана, Алматы және Ақтауға ұшады. Бүгін мұнайлы астана Атырау қосылды. Ал шілде айында Қазақстанның үшінші мегаполисі Шымкент қаласы қосылады» - деп мәлімдеді дипломат.
Атырау-Баку рейстері аптасына үш рет дүйсенбі, сәрсенбі және сенбі күндері орындалады. Ұшу ұзақтығы 1 сағат 30 минутты құрайды.