Әзербайжан астанасында бастауыш сынып оқушылары үшін ең ірі білім беру іс-шараларының бірі – FEMO International VII Халықаралық олимпиадасының финалдық кезеңі өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы Елшілігі, Қазақстанның Республикалық физика-математика мектебі (РФММ) және Баку қ. Oxbridge Academy халықаралық мектебі ұйымдастырды.
Елші Әлім Байел Олимпиаданың жабылу салтанатындағы сөзінде аталған іс-шараның Бакуда өтуі Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтудағы тағы бір қадам екенін атап өтті. Дипломат Әзербайжан еліне қазақстандық бастаманы қолдағаны үшін алғысын білдірді.
FEMO олимпиадасы – 1-5 сынып оқушыларын біріктіретін қазақстандық жоба. Ол математикаға деген қызығушылықты дамытуға және балаларда зерттеу және логикалық ойлауды қалыптастыруға бағытталған. Аталған жоба алғаш рет Қазақстанда 2017 жылы басталып, 2018 жылдан бастап халықаралық мәртебеге ие болды. Бүгінгі таңда FEMO – ондаған мемлекеттің дарынды балаларының бас қосатын ауқымды платформа.
FEMO International 20-дан астам елден, соның ішінде Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ұлыбритания, АҚШ, Беларусь, Түркия, БАӘ, Сауд Арабиясы, Тәжікстан, Германия, Польша, Франция, Индонезия, Ресей және Кипрден қатысушыларды біріктіреді
2025 жылы Баку қаласындағы финалға 450-ден астам оқушы – қысқы және көктемгі кезеңдердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері келді.
2025 жылғы 31 мамырда Баку қаласының Гейдар Әлиев атындағы Халықаралық әуежайында «Air Astana» қазақстандық әуе компаниясының Атыраудан Бакуға алғашқы рейсін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.
Алғашқы жолаушыларды Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел, «Air Astana» ұлттық әуе тасымалдаушысының өкілдері, Баку әуежайының басшылығы қарсы алды. Атыраудан Бакуға ұшып келгендерді домбыраның күмбірі мен қазақ ұлттық тағамдары күтіп тұрды.
Елші Ә. Байел БАҚ өкілдеріне берген мәлімдемесінде елдер арасындағы байланыс қарқынының көрсеткіштерінің бірі олардың арасындағы рейстер саны екенін атап өтті.
«Сондықтан біз рейстер санының артып келе жатқанына және елдеріміз арасындағы ұшу географиясының кеңеюіне қуаныштымыз. Осы жазда Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы рейстер саны аптасына 34 ретке жетеді. Бұл ретте біз рұқсат етілген рейстер санын 70-ке дейін арттырып отырмыз. Яғни, өсу жалғасады. Қазіргі таңда Бакудан ұшақтар Астана, Алматы және Ақтауға ұшады. Бүгін мұнайлы астана Атырау қосылды. Ал шілде айында Қазақстанның үшінші мегаполисі Шымкент қаласы қосылады» - деп мәлімдеді дипломат.
Атырау-Баку рейстері аптасына үш рет дүйсенбі, сәрсенбі және сенбі күндері орындалады. Ұшу ұзақтығы 1 сағат 30 минутты құрайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевті және әзербайжан халқын ұлттық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
– Сан ғасырлық достыққа негізделген қазақ-әзербайжан қарым-қатынасы шынайы стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухында дамып келе жатқаны қуантады. Бірлескен күш-жігеріміз арқылы жетістіктерімізді еселеп, сан қырлы мемлекетаралық ынтымақтастықты жаңа белеске шығаратынымызға сенімдімін, – деп жазылған жеделхатта.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевтің жауапты мемлекеттік қызметіне табыс, ал бауырлас әзербайжан халқына бақ-береке тіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевті Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы стратегиялық әрiптестiк және одақтастық қарым-қатынас туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толуымен құттықтады.
– Елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың басты бағыттарын қамтитын бұл тарихи құжат қазақ-әзербайжан байланысын дамытудағы маңызды кезеңнің басталғанын айқындап, көптеген сала бойынша өзара ықпалдастықты нығайтуға берік негіз қалады. Бірлескен күш-жігер арқылы стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі нығайтып, екіжақты ынтымақтастықтың орасан зор әлеуетін халықтарымыздың игілігі жолында пайдаланамыз деп сенемін, – делінген құттықтау жеделхатында.
Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел Шеки қаласына барып, Әзербайжанның көрнекті ақыны және ойшылы Бахтияр Вахабзаденің 100 жылдығына арналған конференцияға қатысты. Махмұд Қашқари атындағы халықаралық қор ұйымдастырған іс-шараға түркі елдерінің Елшілері, түркі халықаралық ұйымдарының басшылары, Шеки қаласы атқарушы билігінің басшысы, Милли Мәжіліс депутаттары, академиктер, профессорлар, жергілікті тұрғындар, сондай-ақ ақынның қызы Гүлзар Вахабзаде қатысты.
Қазақстанның Елшісі өз сөзінде жас кезінде шығармашылығымен танысқан алғашқы әзербайжан ақынының Б. Вахабзаде болғанын атап өтті. Дипломат Б. Вахабзаденің Отанға деген сүйіспеншілікті, бостандық идеалдары мен түркі бауырластығын дәріптейтін шығармашылығы мен идеялары қазіргі жастарды тәрбиелеуде үлкен маңызға ие екенін атап өтті. Елші Б. Вахабзаде армандағанның барлығы, атап айтқанда, түркі халықтарының бірігуі, халықаралық аренада түркі факторының күшеюі – бүгінде сәтті жүзеге асырылып жатқанын қанағаттанушылықпен атап өтті. Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы стратегиялық және одақтастық қатынастар осының жарқын мысалы.
Сонымен қатар, сапар аясында Қазақстан Елшісі Әзербайжан мемлекеттік педагогикалық университетінің Шеки қаласындағы филиалына барып, студенттерді қызықтырған сұрақтарға жауап берді. Дипломат қаланың тарихи бөлігімен танысып, Б. Вахабзаде үй-мұражайына барып, жергілікті телеарнаға сұхбат берді.
Б. Вахабзаде 1925 жылғы 16 тамызда Шеки қаласында дүниеге келіп, 2009 жылғы 13 ақпанда Бакуда қайтыс болған. Өз шығармашылығы үшін көптеген мемлекеттік және әдеби марапаттарға ие болған. Әзербайжан ақынының еңбектері Қазақстанда да зерттелуде. Оның шығармаларының негізінде Қазақстан театрларында бірнеше спектакль қойылған.
Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел Әзербайжан Республикасының Милли Мәжілісінің Төрайымы Сахиба Гафаровамен кездесті.
Дипломат ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановтың атынан 2025 жылғы 11-12 маусымда Астанада өтетін ТүркПА 14-ші Пленарлық сессиясына шақыру хатын табыстады.
Ә. Байел қазақ-әзербайжан қатынастарының жоғары динамикасын, сауда-экономикалық және көлік-логистикалық байланыстардың нығаюын, сондай-ақ парламентаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Елші Қазақстан тарапының ТүркПА қызметінің тиімділігін арттыру, оны одан әрі институционализациялау және беделді халықаралық парламентаралық ұйым ретінде нығайту қажеттілігі туралы ұстанымына назар аударды.
С. Гафарова шақыруды қабылдап, екіжақты және көпжақты қатынастарға оң әсер ететін факторлардың бірі заң шығарушы органдардың өзара іс-қимылы екендігін атап өтті.
Спикер Әзербайжанның Милли Мәжілісі ҚР Парламенті Мәжілісімен де, Сенатымен де тығыз байланыс орнатқанын қанағаттанушылықпен атап өтті. С. Гафарова Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы мемлекеттік сапары барысында Әзербайжан Парламентіне келуін жылы лебізбен еске алды.
Сонымен қатар, елдер арасында депутаттық достық тобы жұмыс істейтіні, депутаттардың өзара сапарлары және халықаралық парламенттік ұйымдардың алаңдарында тұрақты кездесулер өткізілетіні аталып өтті. Сондай-ақ, Милли Мәжілістің Төрайымы ТүркПА қызметін бірлесіп жетілдіруге дайын екендіктерін білдірді.
Кездесу барысында одан әрі өзара іс-қимыл, соның ішінде Қазақстан-Әзербайжан парламентаралық достық тобының кезекті отырысын өткізу мәселелері талқыланды.
Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел осы елдің Орталық банкінің Төрағасы Талех Кязымовпен кездесті.
Ә. Байел қазақ-әзербайжан қатынастарының, оның ішінде экономикалық өзара іс-қимылдың жоғары деңгейіне назар аударды. Атап айтқанда, Әзербайжан Орталық банкімен Қазақстанның Ұлттық Банкі, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және Астана халықаралық қаржы орталығы жемісті қарым-қатынас орнатқан.
Сондай-ақ, дипломат Т. Кязымовты 2025 жылғы 27 мамырда Астанада өтетін ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің орталық банктері Кеңесінің бірінші отырысына шақырды.
Өз кезегінде АР ОБ Төрағасы аталған іс-шараға қатысатынын растап, Кеңесті құру жөніндегі бастаманы қазақ тарапының ұсынғанын ерекше атап өтті. Ол сондай-ақ екі елдің орталық банктері тәжірибе алмасу бойынша және халықаралық алаңдарда табысты ынтымақтастық жүргізіп жатқанына назар аударды.
Кездесу барысында қазақ-әзербайжан мемлекетаралық қатынастарына арналған естелік монета басып шығару мүмкіндігі талқыланды.
Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел ТМД елдерінің дипломатиялық миссияларының басшыларымен бірге құрметті жерлеу аллеясына барып, Әзербайжан халқының жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің 102 жылдығына орай оны еске алды. Қазақстандық дипломат Г.Әлиевтің, сондай-ақ оның жұбайы академик Зарифа Әлиеваның қабірлерінің алдына гүл шоқтарын қойды.
Сондай-ақ, Ә. Байел ТМД елдерінің Елшілері мен әскери атташелерімен бірге Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай Баку қаласының Нариманов ауданындағы «Бауырлас жерлеу» мемориалына барып, фашизмді жеңу жолында өмірі қиылған жауынгерлерді еске алды.
Айта кететін мәселе, Қазақстаннан майданға 1,2 миллионға жуық адам жұмылдырылды, бұл ретте соғыс басталғанда елімізде 6,2 миллионнан астам адам өмір сүрді. 600 мыңнан астам қазақстандық қаза тапты немесе хабар-ошарсыз кетті. Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Талғат Бигелдинов сияқты көрнекті тұлғалар КСРО Батыры атағына ие болды.
Әзербайжан астанасында Қазақстан Республикасы Елшілігінің ұйымдастыруымен Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты қабылдау өтті. Іс-шараға дипломатиялық корпустың, Әзербайжанның әскери басшылығының, зиялы қауым мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ Әзербайжанда тұратын отандастар қатысты.
Қабылдау 7 мамыр — Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылған күніне орайластырылды. Бұл күн жауынгерлік батылдық, отансүйгіштік пен Отанды қорғау символына айналды.
Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел құттықтау сөзінде екі мемлекет арасындағы қатынастар барлық бағыттар бойынша қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
«Қазақстан мен Әзербайжан — стратегиялық серіктестер мен одақтастар. Ынтымақтастығымыздың саяси және қорғаныс салаларында тереңдей түскені қуантады. Халықтарымыз арасындағы бауырластық байланыстары болашақта тек нығая түсетініне сенімдімін», - деді дипломат.
Ә. Байел соңғы кезеңде екі ел қорғаныс ведомстволары бірлескен іс-шаралар санының едәуір өскенін атап өтті. Мәселен, 2023 жылы «Хазри» бірлескен әскери-теңіз жаттығулары, ал 2024 жылы «Бірлестік» және «Алтын Қыран» бірлескен екіжақты оқу жаттығулары өткізілді. Сондай-ақ, Елші қатысушыларға Қазақстан бітімгерлерінің жетістіктері туралы айтып берді. Оның айтуынша, 2024 жылы БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі миссиясы құрамында Қазақстан контингентінің дербес орналастырылуы Қазақстан бітімгерлері дайындығының жоғары деңгейінің айғағы болды.
Әзербайжандағы Қазақстанның әскери атташесі Рауан Кемали Қазақстан Қарулы Күштерін жаңғырту және заманауи әскери техникамен жабдықтау жөнінде айтып берді.
Іс-шараның құрметті қонағы Әзербайжан Республикасы Әскери-теңіз күштерінің қолбасшысы, 1-дәрежелі капитан Шахин Мамедов болды. Ол екі ел арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалап, қазақ әріптестеріне сенімді серіктестік үшін алғысын білдірді.
Қабылдау аясында қонақтарға Қазақстан армиясының тарихы мен заманауи келбетіне арналған мультимедиялық экспозиция ұсынылды. Сондай-ақ, іс-шараға қатысушылар ұлттық тағамдардан дәм татып, концерттік бағдарламаны тамашалады.
Жас ұрпаққа ерекше көңіл бөлінді: іс-шара ұлттық сананы қалыптастырудағы армияның рөлін көрсететін патриоттық презентациялармен сүйемелденді.
Қазақстаннан тыс жерлерде Отан қорғаушылар күнін мерекелеу мәдени байланыстар мен диаспорамен қарым-қатынастарды нығайтуға ғана емес, сонымен қатар еліміздің жаһандық қауіпсіздіктің сенімді серіктесі және белсенді қатысушысы ретінде халықаралық аренада оң имиджін қалыптастыруға ықпал етеді.