Меню

Страницы

Статья

Жамбыл Жабаевтың өмірбаяны

ЖАМБЫЛ ЖАБАЕВ

1846 ж. 28 ақпан – 1945 ж. 22 маусым

Жамбыл Жабаев(1846 ж. 28 ақпан - 1945 ж. 22 маусым) – кеңестік және қазақ халық ақыны, айтыскер және жыршы.     

Өмірбаяны

Қазақ халқының көрнекті айтыскер ақыны, жыршы Жамбыл Жабаев 1846 жылы 16 (28)  ақпанда Жамбыл тауының етегінде Шу өзенінің жоғарғы ағысында (қазіргі ҚР Жамбыл облысының Мойынқұм ауданы) дүниеге келді. Қоқан хандығының қыспағынан ығысып келе жатқан қазақтар көшінде жаңа туған балаға Жамбыл деп ата-анасы ат қояды. Бұл оқиға «Казахстанская правда» республикалық газетінде былай суреттеледі: «...ел аузындағы аңыз бойынша Жамбылдың атасы Ыстыбай жаулардан ығып көшіп бара жатқанда дүниеге келген тұлға әкесі Жабай көш тоқтаған таудың атын береді. Мүмкін ұлының заңғар таудай болатынын  сезген де шығар».

Әкесі Жабайдың шыққан тегі – Ұлы жүз Шапырашты тайпасының ішіндегі Екей руы.  Жамбыл – Шапырашты ұлы Екейдің он бірінші ұрпағы. Екей аз санды және кедей ру болса да, ол рудың ортасынан Қарасай (1589-1671), Саурық (1814-1854), Сұраншы (1815-1864) сияқты көптеген танымал батырлар шыққан. Ақынның атасы – Ыстыбай аты шыққан батыр болмаса да, өнерпаз, палуан болған. Дастандарда есімі аталатын белгілі батырлардың бірінің атын алған Байтөбеттің немересі, Ыстыбайдың ұлы Жабай малға бай болмаса да, үш ұлы болады: Тәйті, Құман, Жамбыл. «Менің өмірім» атты өмірбаяндық өлеңінде ақын:

Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын,

Жамбыл деп қойылыпты атым сонан.

Ел үркіп жүрген кезде күні-түні,

Сары аяз көш-жөнекей боран күні

Қар қауып, мұзға түскен Жамбыл екем», – деп жырлайды.

Жамбыл оронимі ежелгі түркі-моңғол тілінде «бекініс», «қамал» деген мағынаны білдіреді, бұрынғы атауынан мағыналық өзгеріске түскен түрі болуы бек мүмкін.

Жамбыл отбасымен Жетісу (қазіргі Алматы облысы) жерінде еркін, домбыраның әуеніне қанығып, жырына құмартып өседі. Алдымен ол басқалардың ойнауындағы күй-жырларды тыңдап, содан кейін ол домбырамен өзі де дос болады. Барлық суырыпсалма ақындарға лайық Жамбыл да халық поэзиясына ерте бастан қызығушылық танытады. Халық әуені мен жыры Жамбылды ақындық пен жыршылық әлеміне сүйрейді. Ата-анасы құп көрмесе де жас жігіт жыршылыққа біржола ден қояды. Өмірбаяндық өлеңінде ақын:

«Он жаста ойнап жүрдім бала болып,

Өлеңге бөлдім көңіл алаң болып.

Райыттап тана мініп, қозы бақтым,

Еңбекті иемденгенде шама келіп», - деп баяндайды. Ақынның әулетінде әйгілі ақын немесе жыршы шықпаса да, арғы атасының Байтөбет ұлдары түгел сері, домбырашы болған, сонымен қатар, шешесі – Ұлданның түп нағашысы Қанадан қобызшы, тәуіптігі бар кісі екен. Сондықтан, Ұлдан ұлының сөз өнеріне деген құштарлығын үнемі қолдап отырған.

Ақынның жас шағында жырлаған көптеген өлеңдері бізге түгел жетпеген, десе де өмірбаяндық өлеңінде оны естіген ауылдастарынан мақтаулар естігені, «Жас ақын», «Жап-жақсы ақын», «Жамбыл ақын»  деп атағаны айтылады. Бүгінге жеткен бозбала кезіндегі өлеңдеріне («Шағым», «Әкеме», «Менің пірім – Сүйінбай», т.т.) талдау жасасақ, ақын өлеңдерінде өмір шындығын, қоғамдағы маңызды құбылыстарды ашықтайтын, шынайы суреттейтін шеберлігін көреміз. Мәселен, дүмше молданы мысқылдап «Шағым» өлеңінде молданың типтік бейнесі «Екі иығын қомдаған», «Бала келсе сабаққа, Жем аңдыған дорбадан», «Боз інгендей боздаған, қайтіп сабақ береді?» - деп суреттейді. Өлең мысқыл сарынында жазылса да, астарында сол кездегі сауатын аша алмаған талай балалардың жайы баяндалады.

Жамбыл ізденімпаз және байсалды бала болып өсті. Кейін ол молдада оқығанын «Шынымды айтсам, мен бұл молдадан ештеңе түсінбедім. Ол тіпті араб әліпбиін нақты түсіндіре алмады ... Балалық шағымда шынымен үйренетін ешкім болмағанына өкінемін» - деп жиі еске алады. 1860-жылдары шығарған жоғарыдағы «Шағым» өлеңінде Жамбыл әкесіне келіп: «Айтқаны ішке қонбаған. Оқығанша мен одан, Домбыраны қолға алам. Өлең кірген түсіне жөргегінде мен болам. Қинама, әке, қинама, Болмас енді зорлаған! – деп датын айтып, оның бата беруін сұранады.

XIX ғасырдың 60-жылдары 14-15 жасқа толған шағын Жамбыл «Менің өмірім жырында:

Он бесте-ақ домбыраны алдым қолға,

Тең басқан төрт аяғын болдым жорға.

Он алты желі ұзатты, өрістетті,

Түскендей бұлтартпайтын даңғыл жолға.

Топ десе, он жетімде тартынбадым,

Семсердей майдандағы жарқылдадым.

Ақынды ауылға ермек басып озып,

Жұлдыздай көзге түсіп, жалтылдадым. – деп суреттейді. Бұл сөздерден кейбір әдебиеттерде айтылғандай Жамбыл сөз өнерін 52 жасында емес, 15 жасынан бастап серік еткен, «төрт аяғын тең басқан жорғадай» желіп, топтан озған.

Жамбыл өлеңдеріндегі жолдарда 15 жасына дейін сүйемелдеумен толғау стиліндегі ән, жыр айтқан болса, 16 жасынан бастап оның ақындыққа деген құмарлығы артқан. Осы құмарлықпен Жамбыл Жетісу даласындағы Екей руынан шыққан даңқты ақын, жыршы Сүйінбайға (1815-1898) барады. Сүйінбайдың арғы атасы – Күсеп Жиенқұлұлы (170-1791) жауынгер ақын, жыршы, күйші, қобызшы болған. Даңқты ақын ақындық өнердің қалай қонғанын өзінің «Түс» деген өлеңінде былай хабарлайды:

Атыңнан айналайын Қызыр бабам,

Түсімде таңға жуық келді маған.

Білмеймін « өлең» деді «көген» деді,

Сайрауық құстар келіп төнді маған.

Ақынға жасырақ кезінде Қызыр өзі келіп, түсінде аян береді, оянғанында ақын болып оянады деседі.

Сүйінбай ақынның қорғаны болған қызыл жолбарыс жыр алыбы Жамбылға ауысқаны туралы ел аузында аңыз бар.  Осылайша жыраулық қасиет Жамбылға жұғысты болады. Жамбылдың Сүйінбаймен кездесуі және оның ақын шығармашылығына үлкен серпін бергені халық жадында аңыз болып сақталды. «Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» деп жырлаған жас Жамбыл ұстазының жырларын жатқа айтты. Ұстазы да Жамбылдың қарымын, дарынын байқап батасын береді, ақылын айтып, жөн сілтейді.

Бұл үлкен өмірге, өнер әлеміне, ақындық жолға жолдама болды. «... Бала кезінен ол домбырада ойнауды үйренді, 14 жасынан бастап қарт ақын Сүйінбайдың шәкірті болды. Сүйінбай оған: «Әр ақынның өз дауысы болуы керек. Сенің әрбір сөзің қанжардай қадалуы керек» деп үйретті. Жас Жамбыл бұл өсиетін үнемі есінде сақтады. Сүйінбайдың тәлімімен шеберлігін шыңдап, шаруа халықтың әншісі болды. «Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым»деп жырлаған жырау халықтың ғасырлар бойғы көкейінде жүрген арманын өлеңмен жеткізді.

«ХІХ ғасырдан бастап ақындардың рөлі артып, қызмет аясы кеңейіп, олардың поэзиясы әлеуметтік мәнге ие болды. Поэтикалық импровизация кәсіпке айналды, ақындар ауылдарды аралап, соның арқасында елдің қоғамдық, әлеуметтік өмірін тереңірек және кеңірек сезінді, өздері барған жердің тарихы мен мәдениетімен танысып, арабша сауаттын ашқан олар, Шығыстың классикалық поэзия үлгілерін шығармаларына қосты. Мұның бәрі ақындарға қоғамдық өмірге түрлі көзқарастармен қарауға, қазақ қоғамының рухани өмірінде алдыңғы қатарға шығуларына және халықтың әлеуметтік мүдделерін,  армандары мен үміттерін жырлауға мүмкіндік берді», – деп жазды белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі С. Қасқабасов.

Жамбылдың шығармашылық қарқыны Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан Ресейге толығымен қосылып, 1867-1868 жж. реформалардың нәтижесінде қазақтардың сан ғасырлық өмір салтын өзгерткен Ресей патшалық әкімшілік-аумақтық басқару жүйесі орнаған XIX ғасырдың соңғы ширегінде арта түсті. Жаңа тәртіп адамдар арасында сенімсіздікті ұялатты, басшыларға деген күмәнді күшейтті, жала жабу, қудалау, т.б. бюрократиялық мемлекетте туындайтын жаман қылықтар елді жайлады. Мұның бәрі Жамбыл шығармасында қозғалды.

Тек Жамбыл ғана емес, басқа да ақындар, сонымен бірге жазба әдебиеттің өкілдері өздерінің шығармаларында қазақ халқының мүдделерін қозғады, қоғамдық және отбасылық өмірдегі барлық жағымсыз құбылыстарды қатаң сынға алды, патша әкімшілігінің басшылығымен сайланған билеуші шенеуліктердің екіжүзділігін келеке етті, адамдардың жаман мінездерін айыптады».

Жамбыл шығармашылығының алғашқы кезеңі адам бойындағы сараңдық, менмендік, парақорлық, мансапқұмарлық, бос жүріс-тұрыс т.с.с. кереғар мінезді терістейтін («Мәңке туралы», «Мәмбетке», «Шалтабайға», «Қалиға», «Саятқа» және т.б.) қысқа өлеңдерімен және «Хан мен ақын», «Жалқау иттің ертегісі» сияқты ертегі жырларымен сипатталады. Ол халық поэтикалық шығармашылық дәстүрін меңгеруі арқасында репертуарын үнемі байытып, ақындық поэзияда айтыскерлік өнер биігіне көтерілді.       

Көп айтыстың ішінен санаулылары ғана Совет жылдарында ақынның өз айтуынан хатқа түскен. Ақын жастау кезінде Айкүміспен, Бөлектің қызымен қысқа «қайым», «түре» айтысқа түскен. Кейініректегі көлемді «сүре» немесе «желілі» айтыстары: «Жамбыл мен Құлмамбет» (1897 ж.) «Жамбыл мен Сарыбас ақын» (1885 ж.), «Жамбыл мен Досмағамбет» (1907 ж.), «Жамбыл мен Шашубай» (1909 ж.) жұртшылыққа кеңінен мәлім. Сара ақынмен қағысу (1875 ж.), Майкөтпен дидарласу (1891 ж.), Жамбылдың Шыбыл шалға айтқаны (1890 ж.), Жамбыл мен Бөлтірік (1890 ж.) – бұлардың бәрі де төкпе ақындықтың тамаша үлгілері қатарынан саналады. Оның алғаш «сүре» айтыс түріндегі поэтикалық сайысы 1881 жылы Құдайберген байдың үйінде атақты импровизатор ақын Құлмамбет Құланаяқпен (құланаяқ – «құландай жүрдек» дегенді білдіреді) болған. Үлкен бір жиында Құлмамбет тоғыз ақынды бірдей жеңіп, өзіне тең келетін ақын жоқтығын айтып, Жамбыл деген ақын бар дейді, маған соны шақырып келтіріңдер деп тілек білдіреді. Құлмамбет айтыстың басында Жамбылды бірден абыржытып алу үшін кемсітіп, кедейлігін бетке басады. Ақындық дәстүрден үлгі алған Жамбыл осы айтысында жаңа бір өнер жолына ұмтылудың бетін байқатады. Айтыста жеке батырлардың жорығын, ел тарихының шежіресін, тарихи аңыздер мен оқиғаларын, қоғамдық өмірдің шындық бейнесін, әралуан адамдардың образын суреттей жырлайды.

Айтыс жанрының заңы бойынша ол әр рудың байлығын, артықшылығын айтып, қарсы жақтың кемшілігін көрсетуден басталады. Құлмамбет «сәлемің мен аманың жоқ, үлгілі орта, тәрбие көрмеген» деп Жамбылдың кемшіліктерін іздеуден бастайды. Ақын емес, жай көп өлеңшінің біріне теңейді, өз руы Дулаттың байлығын, Жамбылдың руы Шапыраштының кедейлігін айтады. Жамбыл осы тұста ұстап алып, ердің ісі байлығымен емес, іс-әрекетімен, ерлігімен өлшенетінін айтып, Сұраншы, Саурық сияқты батырлардың ісін дәріптеп, ел ынтымағын, жұрт бірлігін негізгі нысаны етіп, елге қамқор болған ерлерді үлгі етеді. «Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт! Ел бірлігін сақтаған татулықты айт! Қарынбайдай сараңдар толып жатыр, Оны мақтап, әуре болмай, жөніңе қайт!» деп айтысты түйіндейді. Айтыста Жамбылдың сөзі мен ойы салмақты шығып белгілі айтыс ақыны Құлмамбеттің  Құланаяғын жеңіп кетеді.

 Дәл осы айтыстан кейін Жетісуда, оңтүстікте Жамбыл дарынды ақын ретінде әңгіме бола бастайды. Сол кезде, 1885 жылы белгілі бай Ноғайбай оны Алматы қаласына Қырбай руынан шыққан Қожамберді болыстың тойына шақырады. Жамбыл түс кезінде келеді. Той басталып кеткен, адамдар дастархан басында отырған кез. Ноғайбайдың өтініші бойынша, елдің сыйлы адамдарының көңілін көтеру үшін домбырасын ала келген Жамбыл, үйге кіреді. Үйде басқа ақын – Дулат руының Қасқарау тармағынан шыққан Сарбас отыр еді. Ол айтысқа дайындалып келген еді. Жамбыл мұны күтпеген болатын. Алайда, ол асып-сасқан жоқ. Сарбас өз руын мадақтаудан бастады. Бұл Жамбылдың күшті жағы еді. Домалақ анадан, Жарықшақтан бастау алатын Дулат руына арналған мақтау сөздің арасынан даулы жерлерді дәл тауып алады. Құлмамбетке қолданған әдісін жасайды. Бірақ бұл жолы шапырашты Сұраншы мен Саурықтың дулаттардың да намысын қорғағандығын, ал Сыпатай батыр мен Тойшыбек би бастаған дулаттардың қиын кезде, сын сағатта, шапыраштылар қоқандықтардың қыспағында қалған кезде, қолдау көрсете алмағандығын, Тойшыбектің қоқан жағында болғанын айтып, сол уақиғаға байланысты лағнет сөздерін жаудырады. Сатқындықты сүйекке таңба санайтын жұртшылық Жамбылды жеңген санады. 

Өлең-жырдың қазақ сахарасындағы  әсері күшті болғандықтан, жас ақынның абыройы өсіп, беделі көтеріле берді. Жамбыл кейін Балуан Шолақ, Шөже, Шашубай, Әсет  секілді айтулы ақындармен сөз сайысына түсіп, сөз зергерлерінің біріне айналады.  Оның аты көршілес Қырғызстанда да белгілі болды. Қырғыз ақындары Қалық Акиев, Әлімқұл, Мұншалық оны бірде өздеріне шақырып, енді бірде қонаққа келетін. Белгілі қырғыз ақыны Тоқтағұл Сатылғанов Сібірдегі айдаудан қашқан кезде Жамбылға келеді. Жамбыл оған тамаша жырлар арнайды.

Жеті жыл өткен соң Жамбыл жалайыр руынан шыққан Досмағамбетпен күш сынасады. Бұл жолы айтысқа Жамбыл шақырады. Бұл оның даңқының қаншалықты артқаны байқатады. Досмағамбет Жетісудың байлығын айтып шабуылдаған кезде, Жамбыл ел қорғаны болған Қарасай батыр туралы жырлап, қарсыласының Іле өзенінен балық аулаумен айналысатынын айтады. Далалық елдің судан балық аулағанын кемшілік ретінде көрсетеді. Жамбыл бұл айтыста да жеңеді. 1902 жылы арқалық ақын Шашубаймен айтысады. Жамбылдың осы айтыстары оның тақырыпты қамту, елді мекен-жер жағдайын білу, ақындық өнер шеберлігі жағынан қаншалықты өскенін байқатады.

 Ақиқатын айтсақ, Жамбыл айтыстың бұрынғы дәстүрінен асып, жаңа түрлерін ойлап табады, тарихи ерліктерді, өмірдің, дәуірдің шындығын айтады. Бұл айтыстар Жамбыл шығармашылығындағы тарихи тұлғалар туралы жырлау дәстүріне жол ашады. Бұл әсіресе оның «Сұраншы батыр» дастанына қатысты. Бұл дастанның алғашқы сұлбасы Сарбас ақынмен айтыста салынған болатын. 

Дала жыршыларының синкретті поэтикалық жырларындағы басты кейіпкерлер амплуасы, табиғаты бір қарағанда ақындар мен жыршылардың өз жанынан тудырған дүние болып көрінеді. Шындығында, олардың сомдалуына аңыздардағы, әпсаналардағы оқиғалар, суреттеулер, сюжеттер арқау болып, кейін поэтикалық сайыстарда ақын-жыршы жадысымен батырлық дастандардың негізгі сұлбасы жасалады. Мысалы, Сүйінбайдың атасы Күсеп, ХVIII ғасырдың І-жартысында жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен қазақ батыры, Ұлы жүздің дулат тайпасынан шыққан Өтеген батырдың жасаған ерліктері туралы жеке дастан жазады. Оның немересі Сүйінбай Аронұлы өзі қатысқан жорықтарда Сұраншы мен Саурық батырлар ерлігін жырлайды. Кейінірек, Жамбыл осы жырларға сүйене отырып, оларды шығармашылық тұрғыда дамытып, байытады және өз нұсқасын жасайды.

Бірақ олардан бұрын «Көроғлы», «Мұңлық-Зарлық», «Қыз Жібек», «Ерназар-Бекет», «Манас», «Тотының тоқсан тарауы», «Ер Төстік», «Шора» сияқты түркі және қазақ эпостары өзіндік әсерін бергені анық. Аты аңызға айналған «Шахнаманың» бір нұсқасы ақын репертуарында жырланғаны белгілі. Бұл аталған мұралар – батырлық эпос, лиро-эпостық жыр, шығыс дастаны өзінің жанрлық ерекшелігімен таң қалдырады. Көлемі жағынан олардың кейбіреулері 40-50 мың жолдан асады, солардың бірқатарын жатқа білген Жамбыл миллион жолды есте сақтаған.

Жамбыл кезінде ортағасырлық түркі жыры 2555 жолдан тұратын «Көроғлын» дастанын таңды-таңға ұрып он бес күн жырлапты. Қазақ жерінде бұл ежелгі түркі жырының отыз үш нұсқасы жырланатыны, әсіресе Сырдария өзенінің бойында жиі кездесетіні белгілі. Жамбыл Қазақстанның Оңтүстігіне жасаған сапаларының бірінде осы дастанның бір нұсқасын жаттаған болса керек. Бүгінде ақынның 1867-1875 жылдары Әулиеатаға, Қазақстанның оңтүстігіндегі облыстарға бірнеше рет барып, онда көрнекті ақындармен, сол жерлердің тарихшылары Құлыншақ, Майлықожа, Нұрала және басқалармен кездескені анық.

Осы уақыт аралығында ол ақын Құлмамбетпен бірге қырғыз айылдарын аралайды, сапар барысында «Көроғлы сұлтан» эпикалық мұрасының ірі білгірі Құлмамбеттен бірнеше бөлімін жаттап алады. Бұл кезде отыз жастағы Жамбыл шығармашылық жағынан жетіліп, физикалық тұрғыданда күш-қуаты толыққан жігіт шағында болды.

Таир Жароков 1928 жылдың жазында ақын Жамбылды алғаш кездестіруін былай баяндайды.  Болашақ ақын Алматыға арбамен оқуға бара жатып, жолда Қаракестек аулына тоқтайды. Бір қараша үйде жергілікті ақындар айтысып жатыр екен. Жолаушылар сол үйге бас сұғады, ортада бір қария домбыра шертіп отыр.  «Өте ширақ, сергек қария екен. Орта бойлы, кең кеуделі, ашық-жарқын, күлім көзді адам сол жерде отырғандарды ерекше баурап алған – деп бейнелейді Тайыр Жароков. – Киіз үйдегілер ерекше көңілді. Ол болса, төбетейін маңдайынан шекесіне қарай ысырып қойып, шабыттана суырып салмаға салып отыр. «Көп жаса, Жамбыл! Тағы. Жәке, тағы да!», – деген қоштау мен өтініш аралас дауыстар естіледі. Бұл менің Жамбылмен бірінші ұшырасуым еді...

Жыршының жас келіншектермен әзілі жарасқан сері болғаны жиі айтылады, бірақ бұл және басқа да жастық шақтағы мінездері (ашықтық, серуеншілдік, әзілқойлық) Жамбылдың қарапайым адамдарға жақын болған көпшіл образын сомдайды. Жамбылдың жастық дәуренінің бір сырлы оқиғасы оның Байбек қызы Сарамен танысып, ән-жырымен табысуы еді. Бірақ қыздың әкесі карсы болып, екеуінің кездесуіне тыйым салады. Көп ұзамай қызын атастырған жеріне ұзатады. Мұны сезген күйеуі де асыл қыздың қадіріне жетпейді, жәбірлеп, қорлық көрсетеді. Ақырында қасірет пен кайғыны көтере алмай ару Сара құсадан қайтыс болады. Бұл қайғылы оқиға ХІХ-шы ғасырдың 80-жылдарында Шу ауданында болған және Жамбылға ауыр тиген. 1937 жылы Грузияға жасаған ұзақ сапарында, поездта домбырасын қолына алып, жылы лебізбен көзіне жас алып, Сара айтқан «Әгугәй» лирикалық әнін жиі шырқайды. Содан ба, Сараның халық әнінің әуенімен «Угай-угай, ай-угай!» деп салатын әні ақын жырына, өмірлік сырына айналып кетсе керек.

Жамбыл үш рет үйленді. Ертерек дүниеден озған алғашқы екі әйелінен алты ұл, екі қыз сүйеді. Үшінші әйелден төрт ұл дүниеге келеді, үлкені – Алғадай, қалғандары – Тоққұлы, Таубай және Қуаныш.    

Патшалық Ресей 1913 жылы Романовтар әулетінің 300 жылдығын атап өтеді. Сол кезде Жамбылдың егде тартқан шағы екен, ауырып төсек тартып жатқан кезі. Көпшілік алдына сирек шығатын. Жергілікті билік «патша ағзамды» мадақтау үшін Верныйға жер-жерден ақындарды жинайды.  Бұл жиынға Жамбылды да шақыртады.  Алайда, басқалары Николай II мен оның шежіресін жырлағанда, Жамбыл қазақ халқының батырлары туралы, халықтың бостандығы үшін күресін, батырлар ерлігін, Саурық пен Сұраншы батырларды жырлайды. Билікке жыры ұнамаған кәрі жыршыны қаладан қуып шығарады. Дегенмен, оған деген халық сүйіспеншілігі өңір басшысының қаһарынан сақтап қалады. Кеңес авторларының пікірінше, ақын сол жиындағы ісі үшін және 1916 жылғы қазақтарды тыл жұмыстарына жұмылдыру кезінде көрсеткен қоғамдық белсенділігі үш жыл абақтыға тартылады. Тыл жұмысына қарсылық жаппай халық көтерілісіне жалғасады, Жетісу халық наразылығының орталықтарының біріне айналды. 1916 жылғы ауыр жағдай Жамбыл шығармашылығында, негізінен «Зілді бұйрық», «Патша әмірі тарылды» сияқты өлеңдерінде көрініс тапты. Қарт ақын ұзақ ойланып, жағдайдан шығудың жолын іздеп таппайды; сол кездегі халықтың көңіл-күйіне сәйкес, туған жерін тастап кету керек пе, әлде, соңына дейін күресу керек пе?; тағдырға бағынып мойынсұну дұрыс па әлде, тағдырың үшін мойымай қарсыласу орынды ма? деген түрлі ойдың сарсаңына түсіп, азап шегеді. Осы жағдайды талдай отырып, зерттеуші Е. Исмаилов ақын өз шығармаларында осы кезеңіннің өмір шындығын іздеді деп санайды. Алайда, айналада болып жатқан бекер қан төгістерге қарт ақынның объективті шындыққа жетуіне шамасы келмейді. Шындықты іздеуде ол қазақ халқының өткен ерлігіне оралды, сол дәуірдегі тыныштық пен идеалды армандайды.

Осы толқынмен, өмір шындығын табуға арналған шығармашылық эксперименттердің шыңында Жамбыл ХХ ғасырдың ең күшті әлеуметтік көтерілістерін - 1917 жылғы екі төңкерісті кездестірді. Ол Абайдан бір жас кіші және басқа қазақ ақыны - Шәңгерей Бөкеевтен бір жас үлкен, бірақ екеуінен де ұзақ өмір сүріп, екі ғасырдың толыққанды куәгері болды және осы күрделі тарихи кезеңнің маңызды кезеңдерін басынан кешірді. Қарт ақын, қара шаруаның ұлы бұл төңкерістерді қалай қабылдағаны жайлы тарих үнсіз, тек бір ғана факт бар, ол оның осы кезеңдегі өміріне шам-шырақ бола ала ма? Ол ақынның қызыл комиссар Д.М.Фурмановпен Верныйда кездесуі. Оны ақынның ауылдасы Мұхамеди Қанкылбаев Жамбылдың комиссармен қалай кездескеніне куә болғанын айтып берді: «Жазғы күн болатын. Жәкең есегінен түсіп, домбырасымен Фурмановтың кеңсесіне көтерілді. Мен аулада болдым. Бірнеше минуттан кейін мен домбыраның және Жәкеңнің даусын естідім. Сыртқа шыққанда оның жүзі қуаныш пен шабыттан албыртып тұрды. Жәке бұл кездесуге риза болды».

Бұл 1920 жылы Жамбыл бір топ ақын-жыршылармен бірге шығармаларын жазып алу үшін Верныйға шақырылғанда болған жағдайға ұқсайды. Жамбылдың айтуынша, «Өтеген батыр» мен «Сұраншы батыр» жырын жазып алған. Ал 1927 жылы ол «Бег Времен» өлеңін жазды. Сол жылы, кейбір мәліметтерге сәйкес, ол байлардың жер телімдері мен егістік жерлерін шаруаларға қайта бөлу ісіне қатысады (сол жылдары 1 миллион 360 мың га шөп шабатын және егістік жерлер қазақ кедейлерінің иелігіне өткен).

Осы жағдаймен Жамбыл Ұзынағаш ауылында өткен жиналыста сөйлеген сөзінде: кім көпті көрген ақын Бұқар, Сүйінбай, Шортанбай ақындар ме әлде өзі ма? Өмірде олардан гөрі көбірек жасаған, «Зар заманнан» қазіргі бақытты өмірге дейін тарихқа куә болған өзі ме деген мәселені талықылайды.

 «Жамбыл не туралы жырлап еді?», – деп жазады Тайыр Жароков, сонау 1928 жылғы киіз үйде жырлап отырған Жамбылды еске алып. «Ол Октябрь күні астындағы қазақ халқының бақытты өмірі туралы жырлады. Сол жырлардың сөздерін жаттап ала алмағаныма өкінемін!...». Алайда, ол кезде есте сақтауға жағдай болды ма? Зорлықпен коллективтендіру, бай-құлақты ұстау, Жетісудың ауқатты адамдарын батыс Қазақстанға айдап, ал олардың орнына Оралдың байларын әкеліп жатқан кез. Бірде жергілікті билік Жамбылдың жалғыз сыйырын заңсыз тартып алған екен.

 1936 жылы Жамбыл бір күннің ішінде бүкіл елге мәлім болды. Бұл «Правда» газетінде, 7 мамыр күні оның «Туған елім» атты көлемді толғауының жариялануына байланысты болды. Бұл толғауда ол қазақстардың екі ғасырлық өмірін баяндап, бүгінгі бақытты дәуір туралы жырлады. Сол кезден бастап Жамбыл жаңа, социалистік қоғамның жаршысына айналады.   

 Ақынның жаңа суырып салма жырларын жазып алуда көмек жасау мақсатында оның жанына екі тілде әдеби хатшылар бекітілді. Олар Жамбылдың жаңа жырлары мен ескі толғауларын өз аузынанн жазып ала бастады. Ол жазбалар дереу орыс тіліне аударылып, екі тілде күнделікті газеттерге басылып жатты. Осылайша, Жамбыл бір жылдың ішінде бүкілодақтық танымалдыққа қол жеткізді.

Оның шығармашылығында жаңа тақырыптар пайда болды: «Октябрьге гимн», «Ленин мавзолейінде» (1936), «Ленин мен Сталин» (1936). Оның жырларында кеңестік билік иелерінің бәрін деерлік кездестіруге болады. Жыршы оларға эпикалық батырлар кейпін кигізді: «Калинин ақсақалға» (М.В. Калинин – сол кездегі Жоғарғы Кеңестің төрағасы), «Ежов батыр туралы жыр» (Ішкі істер комиссариатының басшысы), «Біздің Киров» (С.М. Киров – ірі большевиктік қайраткер).            

1936 жылдың көктемінде Жамбыл Мәскеудегі қазақ өнерінің онкүндігіне қатысады. Осыдан соң бұл қалаға тағы екі рет барады. 1937 жылы қазақ делегациясы құрамында Грузияға барып, грузин әдебиетінің классигі Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» дастанының 750-жылдығын тойлауға қатысады. Марапаттар бірінен соң бірі ағытылады: «Еңбек Қызыл Ту» ордені (1936), «Ленин» ордені (1938), «Құрмет белгісі» ордені (1939). 1938 жылдан бастап ҚазақССР Жоғарғы Кеңесінің, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болды. 

Осы кезде ақындық өнердің дамуында жаңа ғаламат өрлеу, жаңаша жаңғыру болады. Осы кезеңде ол 140-тан астам өлең-жыр жазады. Ақынның  «Менің өмірім» («Моя жизнь») атты дастанында айтылған мына жолдар өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ:

«Вернулась волшебная юность моя.

Меня окружает родная семья:
         Со мною в богатстве кастекских долин

Любимые братья -узбек и грузин,
         Татарин и русский, башкир и киргиз,
         Для них моя юрта, для них мой кумыс.
         Для них моя песня и сердца привет,

И дружба святая на тысячу лет!».

1941 жылдың көктемінде оған поэтикалық шығармалары үшін екінші дәрежелі ССРО мемлекеттік сыйлығы берілді. Екі тілде жарияланған өлең-жырлары кеңінен танымал болды: «Өлең-жырлар» (1937), «Стихи. Поэмы» (1938 г.), «Сұраншы батыр» (1939), «Произведения Джамбула», «Болат тонды батыр» (1940). 

Он жыл ішінде ақын кеңестік отаншылдық рухын, коммунистік идеяны насихаттаған шығармалар шығарды... 1937 жылы – Николай Ежовқа арналған ода шықты: «Ежов батыр туралы жыр». Орысшасы: «Песня о батыре Ежове» немесе «Нарком Ежов» (аудармашы – К. Алтайский). Бұл жыр М. Шафранниковтың қолымен музыкаға түсірілді... Ақынның өлең-жырлары елдегі өмірді насихаттады. Қазақ ауылындағы  жаңа тұрмыстың бір бөлшегіне айналды. Ақын шығыстың байырғы данагөй ақсақалдары іспеттес, жаңа қоғам мен жаңа биліктің тапсырмасын орындады. 

1941 жылы, Ұлы Отан соғысы басталған шақта, Жамбылдың жасы тоқсан бесте болатын. Өзінің ұлғайған жасына қарамастан жыршы «Қаруыңды қолға ал, ақын! Өлмес, өшпес өлең жолдары – ұлы қару!» деген үндеуге белсенді түрде үн қосты. Осылайша бірқатар патриоттық жырлар жазып, совет халқын қаһармандық күреске, ұлы жеңіске өз үлесін қосуға шақырды. Олар «Майдан жыры» (1942), «Алынбас Қамал» (1943), «Соғыс жылдары туған жырлар» (1944), «Қамал бұзған қаһарман» (1945) деп аталатын жыр жинақтарына енді. Ұлы ақынның қырықтан астам өлең-жырлары, соның ішінде «Сталин шақырған шақта» «Отан әмірі» «Махаббат сүйіспеншілік пен ашу-ыза дастаны», «Москваға», «Ленинградтық өрендерім!» тәрізді өлеңдері халық арасында кеңінен танымал болды. Жазушы В. Вишневский, ақын А. Прокофьев және басқа да қалам шеберлері Жамбылдың Ленинградты қорғаушыларға арналып, арнайы жазылған «Ленинградтық өрендерім!» толғауының керемет күшті әсері болғанын жазады. Ленинград тұрғындарына шексіз күш, рух берген бұл аталық толғау жолдары қоршаудың ең ауыр күндерінде плакат түрінде қала көшелерінде ілулі тұрды.

Сұрапыл соғыс жылдары Жамбылдың әдеби хатшысы болып қызмет жасаған белгілі қазақ ақыны Т. Жароков осы бір жырдың дүниеге келу тарихы туралы былай дейді: «Ленинградтық өрендерім!» толғауының жазылуы қиын болды. 1942 жылдың ауыр қысы кезінде, Тарловский мен Т. Жароков Жамбылдың аулына келеді. Ақын соғысқа аттанған ұлы Алғадайдан көптен бері хат-хабар ала алмай, уайымдап отыр екен. Әуелі ақынға соғыстың барысы туралы қысқаша ақпар баяндалады. Ұлы ақын осындай дәлме-дәл, еш қоспасыз, боямасыз айтылған сөзді жақсы көретін еді. Ақынның тақырыпқа қызығушылығы байқалып отырды. Осы арада Алғадай туралы да әңгіме болады. Ақынның шыдамы бітіп, қатты мазасызданып, фашистердің атына ауыр-ауыр лағнет сөздерін айтады. Олар дәл қасында, қарсы алдында тұрғандай шүйлігеді. Ақынның шығармашылық шабытының оянғаны байқалады. Шай ішіп отырған кезде Тайыр қолына домбыра алып, Ленинград туралы өлеңді суырып салма тәсілімен айтпақшы болып талпыныс жасайды.  Сол сәтте Жәкең оның сөзін бөліп,  «Е, сен қаланы білесің ғой. Сол қалада тұрдың ғой» деп үн қатады. Жароков Жәкеңнің шабыты келіп, жыр төгуге дайын отырғанын байқап қалып, дереу ақынға домбырасын ұстатады. Сол сәтте жыр төгіледі. «Блокнотым мен қаламым даяр болатын. Мұндай жағдайларда, әдетте Жәкең жазылғанды қайтадан оқып беруді талап етеді: «Олай болмайды. Бұлай емес» деп, қайтадан жырлайды. Тағы оқытып, тағы түзейді. Осылайша шабыт қанатында туған жырға Тарловский де жедел аударма жасап, таңертең осы «Ленинградтық өрендерім!» атты туынды «Ленинградцы, дети мои» деген атпен Мәскеуге жөнелтілген болатын», - деп еске алады Тайыр ақын.  Отан соғысы жылдарындағы осындай ерліктері үшін Жәкеңе «Ұлы  Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталады.

Ақынның үлкен ұлы – Алғадай Жамбылов (1900 ж.т., «Алғадай» есімінің мән-мағынасы шамамен түріктердің «янычар» сөзінің мағынасымен бірдей) 1942 жылы әскерге шақырылған болатын.  19-атты әскер полкы құрамында пулеметші ретінде қызмет етеді. Содан кейін хабар-ошар болмай, із-түссіз жоғалып кетеді. Біраз уақыт өткен соң ғана ата-анасына «балаларыңыз Сталинград түбінде ерлікпен қаза тапты» деген хабар келеді. Жылдар өткен кезде, 1950-жылдары, жергілікті мектептің «жас ізшілер» тобының тапқан деректері бойынша,  35- артиллериялық дивизияның құрамында болған Алғадай 1943 жылы 25 ақпанда, Украинадағы Днепропетровск облысына қарасты Синельниково бекетін азат ету үшін болған ұрыста қаза болғандығы айқындалады. Онымен бірге 67 қазақ – атты әскер жауынгерлері қаза болған. Алғадайдың мүрдесін табуда Жәкеңнің майданға аттанған ұлына табыстаған қылыштың көмегі болған.   

2005 жылы ҚР еңбек сіңірген қызметкері, мүсінші Бақыт Әбішевтің Алғадай Жамбылұлына арнап жасаған ескерткіші Днепропетровск облысына қарасты Синельниково қаласындағы мемориалдық кешенде орнатылған болатын. Жәкең баласының қазасы туралы хабарды қатты күйзеліспен қабылдады. Қайғылы хабар 96-жастағы жыршының денсаулығына қатты әсер етті.  Бұған дейін оның тағы бір ұлы Ізтілеудің майданда хабар-ошарсыз кеткені белгілі болған еді. Ақын «Алғадай туралы әрбір ой» атты өлең жазды. Бұл толғау, шындығында, оның сүйікті ұлына арнаған жоқтау өлеңі еді.

Ақын 1945 жылғы 22 маусымда, жүз жылдық ғұмырға сегіз ай жетпей көз жұмды. Ақын өзінің он екі бөлмелі үлкен үйінде қайтыс болды. Бұл үй 1938 жылы, ақын шығармашылығының 75-жылдығын тойлау қарсаңында, осы мерейтойға арналып тұрғызылған болатын. Ақынның өзінің өсиеті бойынша, оны алма бақпен қоршалған үйінің қасына жерледі. 1946 жылы, ақынның 100-жылдығы қарсаңында, бұл жерге мавзолей салынды (архитекторы – И. Белоцерковский, эскиздері – Қазақстанның халық суретшісі Ә. Қастеевтікі).  

Осы 1946 жылы ақынның 100-жылдығына орай оның өзі тұрған үйде әдеби-мемориалдық музей ашылды. Бұл музей қазіргі кезде Алматы облысының ғана емес, бүкіл республиканың мақтанышы болып отыр.

Бір қызығы, мемориалдық кешенге кіреберіс жерде қос бәйтерек өсіп тұр. Келушілерді қарсы алатын бұл екі бәйтерек – өткен дәуірлердің куәсі іспетті.  Бұлар – сонау 1938 жылы егілген ағаштар, сол жылы тұрғызылған ақын үйінің құрдастары еді. Үйдің жанында көлік қойылатын жай салынған. Онда Жамбыл ақынға өзінің көзі тірісінде сыйға берілген «М-1» маркалы автокөлік орналасқан.  Бұл көлік әлі күнге жүріп тұр.

  Еліміз егемендік алған жылдары кейбір жерде жасырын болса, кейбір жерлерде баспа бетінде ашық түрде Жамбылдың авторлығына шек келтіретін деректер пайда бола бастады. Оның атынан басқа ақындар, аудармашы болып жүрген адамдар жазған. Бірқатар «ұзынқұлақ» ақпарлардың деректеріне қарағанда, өлең алдымен орыс тілінде жазылған. Оларды Жамбылға көмектесуі тапсырылған орыс ақындары жазған-мыс. Бұларды жазушы адамдар белгілі композиторлар Е.Брусиловский мен Д.Шостаковичтің өмірдеректеріндегі айтылған сенімсіз, күмәнді деректерді негізге алады. Бұл аз болғандай, А.Алдан-Семёновтың естеліктері бойынша, Жамбылды «жасаған» дәл соның өзі болып шығады. Бұл - 1934 жылы партияның тапсырмасымен атқарылған іс-шара болып шығады. Кедей табынан шыққан, көп жасаған, ұрпағы көп ақын қажет болған. Жамбылды осы рөлге жергілікті колхаздың төрағасы «ұсынған»-мыс. Ол үшін өлеңдерді Алдан-Семёнов «жазған»-мыс. Ол тұтқындалған соң бұл іске басқа «аудармашылар» кірістірілген. Ол аудармашылардың қатарында Марк Тарловский де болған. Ол Жамбылдың соғыс тақырыбында жазылған өлең-жырларының көпшілігінің аудармашысы болған. Оның ішінде «Ленинградтық өрендерім» де бар.  Дегенмен, Жамбыл екі дәуірдің және көптеген әлеуметтік-қоғамдық өзгерістердің куәгері және өте сирек кездесетін тағдыр иесі. Тарихта ондай адам сирек: 90 жыл әлемге өнерімен танылып, 10 жылын шығармашылық шыңдаумен өткізді. Жер жүзіндегі әр халықтың әлемдік фольклордың үздік туындыларын жасаушы біртуар ақындары болса, солардың бірі – қазақтың суырыпсалма ақындық өнерін паш еткен виртуоз, өлең сөздің дүлділі, жыршы, аты алысқа танылған Жамбыл Жабаев.

 

Еңбегі

Жамбыл Қазақстан тарихында құрметті орын алады. Ол өз артында ерекше бағалы шығармашылық мұра қалдырды. Оның шығармашылығы ұлттық қана емес, әлемдік әдебиеттің жетістігі болып саналады. «...Ақынның шығармашылығы поэтикалық және әлеуметтік тақырып жағынан сан алуандығымен отандастарына ғана емес, одан тыс жерлердегі оқырмандарды да тәнті етті», - делінген  бұрынғы және қазіргі ақындар мен ойшылдардың әдеби мұрасын жариялайтын ИПЦ «Русский раритет» баспаханасынан жарық көрген «Джамул Джабаев. Избранное» атты кітаптың кіріспе сөзінде.

 Ақын өз заманының адамы ретінде оны шынайы түрде дәріптей білді. Жамбыл өлеңдері қазақ ауылындағы жаңа өмірдің бір бөлшегіне айналды. Шығармашылығына 75 жыл толуына орай халық ақыны әлемнің көптеген қайраткерлері тарапынан құттықтау жеделхаттарын алды. Солардың бірі – аса көрнекті француз жазушысы, Нобель сыйлығының иегері Р. Роллан мынадай сөздерді келтірді: «Батыс Альпі тауларының жүрегінен Жамбылға – қазақ халқының және бүкіл жаңа адамзаттың хабаршысына бауырластық сәлем жолдаймын». Дат жазушысы Мартин Андерсен Нексе де қазақ жыршысына деген ыстық ықыласын білдірді. Ол: «Сіз ең бақытты адамсыз. Сіздің қызғылықты әрі бай көшпелі өмір салтынан бастап жоғары деңгейдегі кеңестік мәдениетке дейінгі өмірді өткерген жүрегіңіз осы бір мәңгі жас, азат және бақытты елде мәңгі жасай берсін».

1938 жылы ақын Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды, Ленин орденімен марапатталды. 1939 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. Қарт Жамбылдың дауысы Ұлы Отан соғысының қаһарлы күндерінде ерекше жаңа күшпен қарқынды естілді. Оның қоршаудағы Ленинградтың қорғаушыларына арналған жүрекжарды арнау сөзі – «Ленинградтық өрендерім!» соғыс жылдарындағы көпұлтты кеңестік поэзияның ең үздік туындыларының бірінен саналады.

Ақын шығармашылығы 1941 жылы ССРО Халық комиссариаты тарапынан II дәрежелі Сталиндік сыйлықпен бағаланды. Сұрапыл соғыс жылдары Жамбыл халықтың отаншылдық рухын көтеретін өлеңдер жазды.  Ақын өлеңдері ССРО халықтарының, сондай-ақ, әлем халықтарының көптеген тілдерінде жарық көрді. Оның есімі бүкіл әлемге әйгілі болды.

  Ол туралы күні бүгінге дейін мақалалар жазылуда, диссертациялар қорғалуда; оның өлеңдері бұрыннан бері оқулықтарға еніп келеді. Өз кезеңінде Жамбыл туралы жазғандар қатарында М. Шолохов, П. Тычина, Н. Тихонов, К. Симонов,  Р. Роллан, Мартин Андерсен Нексе, басқа да әдебиетшілер мен зерттеушілер болды. Замандастары ұлы ақынға адамзат баласының бауырластығы мен достығының өзгеге ұқсамайтын жаршысы болғандығы үшін құрмет көрсетті.

  1946 жылдың 28 ақпанында М.Е. Салтыков-Щедрин атындағы Мемлекеттік көпшілік кітапхана өздері шығарған «Мәнді, маңызды оқиғалар күнтізбесінде» Жамбылдың туғанына 100 жыл толуына орай ақын туралы ақпараттық материал жариялайды. Ол ақпараттың қорытындысы ретінде төмендегі сөздер жазылады: «...Қазақстанның ұлы ақыны Жамбылдың өлеңдері – кеңестік поэзиядағы керемет құбылыс, сталиндік ұлттық саясаттың, Кеңес Одағы халықтарының мызғымас достығының  салтанат құруының жарқын куәсі».

 

Ұлықталуы

Өмір өзен ағымы қаншалықты тез, шапшаң болса да, бүкіл халықтың Жамбылға деген сүйіспеншілігі азаяр емес. Ақынның өзінің көзі тірі кезінде ССРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1939 жылғы 14 қазандағы жарлығымен Жамбыл облысы құрылған болатын. 1993 жылғы 4 мамырда ҚР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының қаулысымен Джамбул облысының орыс тіліндегі транскрипциясы Жамбыл облысы түрінде өзгертіліп, Джамбул қаласы «Жамбыл» түрінде жазылатын болды. Ал 1997 жылдың 8 қаңтарынан бастап ҚР Президентінің жарлығымен Жамбыл қаласы Тараз қаласы аталатын болды.

  1939 ж. Қастек ауданының атауы Джамбул ауданына ауыстырылса, 1993 жылдың 4 мамырынан бастап Жамбыл ауданына (Алматы облысы) айналды. Жамбыл ауданында Жамбыл ауылы осы ауданның орталығы болып саналады. 1946 жылдың ақпан айында Қазақстан жұртшылығы даңқты ақынның 100-жылдығын салтанатты түрде атап өтті. Ақынның таңдамалы шығармаларының академиялық жинағы орыс және қазақ тілдерінде жарық көрді. Жоғарыда сөз болғандай, 1947 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Жамбыл ауылында, ақынның өзі соңғы жылдары тұрған үйде әдеби-мемориалдық музей ашылды. 

1966 және 1970 жылдары Жамбыл Жабаевқа арналып көркемделіп таңбаланған маркалы конверттер шығарылған болса, 1971 жылы ССРО мен Қазақстанның арнайы пошталық маркалары шығарылды.  2017 жылдың 15 қарашасында «Ұлы дала елі» тақырыбының аясында Жамбыл облысына арналған 2 маркадан тұратын пошталық топтама айналымға шығарылды. Осы топтамадағы маркалар мен купондарда аймақтың тарихи-мәдени, рухани  мұрасын суреттейтін нысандар, сондай-ақ, Тараз қаласының орталық алаңында орналасқан Ж.Жабаев ескерткіші бейнеленген.

   1971 жылы селекционер Леонид Колесников «Джамбул» атауымен мамыргүлдің (ор. сирень) жаңа сортын шығарды. Мамыргүлдің бұл түрі ақ жиекті гүл күлтелері бар әлемдегі жалғыз сортқа айналды. 

    Жамбыл туралы: 1952 жылы «Жамбыл» көркемсуретті фильмі (режиссері Ефим Дзиган, «Қазақфильм»), 1994 жылы «Жамбыл: адамзаттың ұлы жыршысы» (режиссері Қалил Омаров, «Қазақтелефильм») атты деректі фильм түсірілді. 1996 ж. Ақынның 150-жылдық мерейтойына орай «Жамбылдың жастық шағы» атты фильм жасалды. 2016 жылдың ақпан айында «Қазақстан» ұлттық телеарнасы көрермендерге төрт бөліктен тұратын «Жамбыл» телесериалын ұсынды.

Өзбекстанның Наманган облысында Жамбыл ауылы бар. Жамбылдың аты берілген көшелер мен тұйық көшелер: Ресей федерациясында, Санкт-Петербург қаласындағы «Джамбул» тұйық көшесі (бұрынғы «Лештуков» тұйық көшесі), Липецкідегі тұйық көше, Ижевскідегі көше мен тұйық көше, Волгоград, Иркутск, Кемерово, Курган, Нижний Новгород, Хабаровск, Ерасноярск қалаларындағы көшелер; Украинада: Киев, Енакиево, Ужгород қалаларындағы көшелер және т.б.

  Қазақстан Республикасы аумағында Жамбыл атындағы мектептер, колледждер, кітапханалар және мәдениет үйлері жұмыс жасауда. Жамбылдың аты бірқатар аудандар мен елді мекендерге, мекемелер мен оқу орындарына, өнер орталықтарына, Алматыдағы мемлекеттік филармонияға, Өскемендегі драмалық театрға берілген. Ақын атында жас жазушылар мен ақындарға арналған халықаралық сыйлық бар. 1946 жылы ақынның қабірі басында кесене салынды (архитекторы И.И. Белоцерковский, эскиздер авторы – Қазақстанның халық суретшісі Ә.Қастеев). 

 Ақынға қойылған ескерткіштер: Тараз, Алматы, Есік (Алматы облысы) қалаларында, Атырау облысындағы Сафоновка ауылында, 2002 жылы Киев қаласындағы Нивки саябағында, Санкт-Петербург қаласында (Петербург қаласының 300-жылдығына Қазақстанның сыйлығы) орналасқан. Ақынның 170-жылдығына орай Сербияның астанасы Белград қаласында тағы бір ескерткіш бой көтерді. 

 

Пайдаланылған әдебиеттер пен деректер тізімі:

  1. Донских А. В ночь у подножья Джамул горы // Казахстанская правда. – 2013. – № 263. – 30 августа.
  2. Ысмайылов Е. Жамбыл және халық ақындары. – Алматы: Санат, 1996. – С.68–69.
  3. Жароков Т. Воспоминания о Жамбыле // Творчество Жамбыла: статьи, заметки, материалы. – Алма-Ата: Изд. АН Каз ССР, 1956. – С. 112.
  4. Указатель Госпубличной библиотеки КазССР им. А.С.Пушкина. – М., 1950. – С. 8.
  5. Бабинцев С.М. 100-летие со дня рождения великого акына Казахстана. 28.03. 1946. – Государственная публичная библиотека им.М.Е. Салтыкова-Щедрина.
  6. Каскабасов С. Жамбыл – классик казахской устной литературы // Казахстанская правда. – 2016. – 2 марта.
  7. Там же.
  8. Qasıetti Qazaqstan – Священный Казахстан. – URL: https://vk.com/wall-64003156?offset=200.
  9. Бұлдыбаев А. Өшпес өнер өрісі. – Алматы: Ғылым, 1994. – С. 90.
  10. 10. Жароков Т. Воспоминания о Жамбыле // Творчество Жамбыла: статьи, заметки, материалы. – Алма-Ата: Изд. АН КазССР, 1956. – С. 111.
  11. Там же. – С. 117.
  12. Сатпаева Ш., Мусинов А. Жамбыл. – URL: http://bibliotekar.kz/.
  13. Ысмайылов Е. Жамбыл және халық ақындары. – Алматы: Санат, 1996. – С. 84.
  14. Жантекеева З. Заметки собирателя об устном распространении текстов Жамбыла // Творчество Жамбыла: статьи, заметки, материалы. – Алма-Ата: Изд. АН КазССР, 1956. – С. 105.
  15. Жароков Т. Воспоминания о Жамбыле // Творчество Жамбыла: статьи, заметки, материалы. – Алма-Ата: Изд. АН Каз ССР, 1956. – С.111.
  16. Сатпаева Ш., Мусинов А. Жамбыл. – URL: http://bibliotekar.kz/.
  17. Зелинский К. Жамбыл // Советский писатель. – М., 1955. – С. 80.
  18. Жароков Т. Воспоминания о Жамбыле // Творчество Жамбыла: статьи, заметки, материалы. – Алма-Ата: Изд. АН Каз ССР, 1956.
  19. Алтаев Б. Здесь все напоминает о Жамбыле // Казахстанская правда. – 2016. – 4 ноября.
  20. Жамбыл Жабаев. Избранное. – М.: ИПЦ «Русский раритет», 2006. – 240 с.
  21. Бабинцев С.М. 100-летие со дня рождения великого акына Казахстана. 28.03.1946 // Государственная публичная библиотека им.М.Е. Салтыкова-Щедрина.

 

Автор: Айтмұхамбетова Б.А., академик Қ.И. Сәтбаевтың

мемориалдық мұражайының директоры

 

Дата публикации
07 июня 2021
Дата обновления
07 июня 2021
Тип

Сейчас читают

15 апреля 2024
Шетелде тұратын этникалық қазақтар үшін «Ата жолы» картасын ұсыну тәртібі
27 марта 2024
Шет ел азаматтары үшін консулдық бөлім қызметтері
20 марта 2024
Қазақстанның дамуында ұлы ғалымның рөлі: академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына

Социальные медиа

Instagram
Facebook

Меню подвал

Экран дикторы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы