Афина, 2025 жылғы 2 мамыр. — Пирей портты қаласының мэриясында Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин мен Пирейдің сыртқы саясат, еуропалық бағдарламалар және туризм жөніндегі Мэрінің орынбасары Андриана Заракелимен жұмыс кездесу өткізді. Келіссөздер көлік-логистика саласындағы қазақстан-грек ынтымақтастығын одан әрі дамытуға және Пирей мен Ақтау қалалары арасындағы муниципаларалық байланыстарды нығайтуға бағытталды.
Тараптар «Каспий теңізі — Жерорта теңізі» дәлізі бойынша басты логистикалық тораптар саналатын Ақтау мен Пирей порттарының стратегиялық маңызын атап өтті. Дамыған порт инфрақұрылымы порттарды басқару тәжірибесімен алмасу және логистикалық маршруттарды дамыту үшін кең мүмкіндіктер ашатыны айтылды. Осыған байланысты Ақтау мен Пирей қалалары арасында серіктестікті кеңейтуге институционалдық негіз болатын Өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға болашақта қол қою мүмкіндігі талқыланды.
Кездесуде екі елдің көлік министрліктері мен іскер топтарының алдағы байланыстары, логистика және халықаралық сауда саласындағы ұзақ мерзімді өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.
Мәдени алмасу және туризм салаларына ерекше көңіл бөлінді. Елші Т. Сұлтанғожин қазақстандық тараптың Пирей муниципалитеті аумағында қазақстандық қатысумен ортақ мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға дайын екенін растады. Өз кезегінде А. Заракели екі елдің мәдени-тарихи мұрасын дәріптеуге бағытталған бағдарламаларды іске асыруға қызығушылық білдірді.
Тараптар гуманитарлық және іскерлік байланыстарды дамыту экономикалық ынтымақтастық пен өңіраралық серіктестікті тереңдете түсетінін атап өтті. Кездесу соңында тұрақты диалогты жалғастыруға ниет білдіріліп, қол жеткізілген уағдаластықтардың Қазақстан мен Грекия арасындағы ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашатынына сенім білдірілді.