Афина, 2025 жылғы 30 сәуір — Грекия Республикасының Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Республикасының Грекиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Тимур Сұлтанғожин мен Грекия СІМ-нің Сыртқы экономикалық байланыстар департаментінің директоры Спиридон Ксантопулос кездесуі өтті.
Келіссөздер барысында Қазақстан мен Грекия арасындағы екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен даму перспективалары қарастырылды. Әсіресе, өзара тауар айналымын әртараптандыру, өнім экспорт-импортын кеңейту, бірлескен кәсіпорындар мен өндірістерді ілгерілету мақсатында грек компанияларының Қазақстанға бизнес-миссиясын ұйымдастыруға ерекше назар аударылды.
Қазақстан елшісі грек тарапына елдегі инвестициялық ахуал мен шетелдік компаниялардың қызметіне жасалған жағдайлар туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді.
Осы тұрғыда тараптар Афинада өткізу жоспарланған Экономикалық және технологиялық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның кезекті отырысына дайындықты, сондай-ақ көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелерін талқылады.
Атап айтқанда, 2025 жылдың 14–16 мамырына жоспарланған Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі делегациясының Афинаға алдағы сапары ынтымақтастықты, соның ішінде грек логистикалық компанияларының Транскаспий халықаралық көлік бағытын пайдалану аясындағы ықпалдастығын дамытуға қосымша серпін беретіні айтылды.
Бұдан бөлек, әуе қатынасы, өзара инвестицияларды қорғау және көтермелеу, қосарланған салық салуды болдырмау салаларындағы, сондай-ақ крипто-активтерді реттеу жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумды қоса алғанда, екіжақты шарт-құқықтық базаны кеңейту мәселелері талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар талқыланған барлық бағыттар бойынша ведомствоаралық диалогты одан әрі дамытуға өзара мүдделілік білдірді.