Афины, 2025 жылғы 17 сәуір – Қазақстан Республикасының Грек Республикасындағы Елшілігінде Грекияның жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттермен Қазақстанның Елшісі Тимур Сұлтанғожиннің дәстүрлі кездесуі өтті.
Кездесу барысында дипломатиялық миссияның басшысы студенттерді Қазақстан мен Грекия арасындағы екіжақты қатынастар тарихымен, Қазақстан Елшілігінің Афина қаласындағы қалыптасу кезеңдерімен, сондай-ақ еліміздің өңірдегі және Грекиямен сыртқы саяси және экономикалық ынтымақтастығының өзекті басымдықтарымен таныстырды.
Елші жастарды елдің стратегиялық ресурсы ретінде атап өтіп, Қазақстан Президенті мен Үкіметінің жас ұрпақтың әлеуетін дамытуға айрықша мән беріп отырғанын атап көрсетті. Осыған орай, ол студенттердің оқып жатқан мамандықтары, тұрмыс жағдайлары, бейімделу үдерісі мен болашақ кәсіби жоспарлары туралы сұрады.
Сондай-ақ шетелде оқып жатқан қазақстандық студенттердің күнделікті кездесетін мәселелері талқыланды. Елші әрбір студенттің мемлекет тарапынан қолдауды сезініп, өзін біртұтас ұлттық қауымдастықтың мүшесі ретінде қабылдауының маңыздылығын атап өтті. Ол Елшіліктің әрдайым студенттердің өтініштерін қарауға дайын екенін және қажетті қолдау көрсетуге әзір екенін айтты. Бұдан әрі – Елшілік жастармен тұрақты кездесулер өткізу дәстүрін жалғастыратын болады.
Кездесу соңында ең белсенді және үлгілі студенттерге Елшілік атынан Алғыс хаттар табысталды. Бұл марапат олардың студенттік қауымдастықты дамытуға, мәдени іс-шараларға белсенді қатысуына және шетелде қазақстандық мәдениетті ілгерілетуге қосқан үлесін мойындау мақсатында берілді.
«Сіздер шетелде жүріп, мәдени дипломат, өз еліңіздің Елшісі болып табыласыздар. Сіздер грек азаматтарына еліміздің тарихы мен дәстүрлерін таныстыра отырып, Қазақстанның келешегі мен қазақстандық жастардың әлеуетін паш етесіздер», – деді Тимур Сұлтанғожин.
Кездесу қатысушылары көрсетілген қолдау мен ықылас үшін ризашылықтарын білдіріп, Елшілік бастамалары мен алдағы іс-шараларына қатысуға қызығушылық танытты.