Афина, 2025 жылғы 10 сәуір – Афина қаласындағы Ұлттық және Каподистрия университетінде Қазақстанның Грециядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожиннің Университеттің академиялық мәселелер және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, профессор София Папаиоаннумен кездесуі өтті.
Кездесу барысында Афина университеті мен Қазақстанның жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми-академиялық ынтымақтастықты дамыту келешегі талқыланды.
Атап айтқанда, грек тарапы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен әріптестік орнатуға мүдделі екенін білдірді. Ынтымақтастық аясында оқытушылар мен студенттер алмасудан бастап бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеуге, ғылыми зерттеулер жүргізуге және халықаралық пен еуропалық жобаларды іске асыруға дейінгі кең ауқымды бастамалар қолға алынатыны атап өтілді.
Сондай-ақ ынтымақтастық шеңберінде Аристотель мен Шығыстың ұлы ойшылы Әл-Фараби мұрасына арналған бірлескен ғылыми конференцияларды өткізу, ғылыми тағылымдамаларды ұйымдастыру және Қазақстан мен Грекия арасындағы ғылыми-білім беру байланыстарын нығайтуға бағытталған басқа да іс-шаралар жоспарланып отыр. Тараптар бұл қадамдардың ұзақ мерзімді серіктестікті дамытуға және білім мен ғылым саласында жаңа мүмкіндіктер ашуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Анықтама: Афинадағы Ұлттық және Каподистрия университеті (НКУА) – Еуропадағы ең көне жоғары оқу орындарының бірі, 1837 жылы құрылған. Грекиядағы ең ірі университет ретінде ол бакалаврдан бастап докторантураға дейінгі білім берудің барлық деңгейінде көпсалалы оқу бағдарламаларын ұсынады, сондай-ақ гуманитарлық, әлеуметтік, жаратылыстану ғылымдары және медицина бағыттары бойынша ауқымды зерттеулер жүргізеді.