Афинада Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин мен Грекия Сыртқы істер министрлігінің Қазақстан және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастыққа жауапты «А5» саяси департаментінің директоры Димитрис Михалопулос арасында кездесу өтті.
Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективаларын жан-жақты талқылап, саяси диалогты жандандыру, түрлі деңгейдегі сапарларды жиілету, сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды арттыру қажеттігін атап өтті.
Қазақстан-Грекия қатынастарын одан әрі дамыту үшін екіжақты шарттық-құқықтық базаны кеңейту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Келіссөздер барысында тараптар энергетика, көлік және логистика, туризм және ауыл шаруашылығын ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде белгіледі.
Елші Т. Сұлтанғожин екі елдің іскерлік топтары арасындағы өзара іс-қимылды күшейтудің маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның грек инвестицияларын тартуға және бірлескен жаңа экономикалық жобаларды іске асыруға мүдделі екенін жеткізді.
Өз кезегінде Д. Михалопулос Грекия мен Қазақстан арасындағы екіжақты қатынастардың жоғары деңгейін растады және грек тарапының ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екенін білдірді.
Тараптар аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша да пікір алмасты.