Афины жүрегіндегі Наурыз: Акрополь маңындағы қазақ Жаңа жылын тойлау

Афины жүрегіндегі Наурыз:  Акрополь маңындағы қазақ Жаңа жылын тойлау

Афины, 2025 жылғы 18 наурыз – Афины қаласының тарихи орталығында, Акрополь етегінде қазақ халқының ең маңызды мейрамдарының бірі – табиғаттың жаңаруын, достық пен бірлікті бейнелейтін Наурыз мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті. Аталған шара Қазақстан Республикасының Грек Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылып, әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтарды қарсы алды.

Биыл Грекиядағы Наурыз мерекесі «Наурызнама» атты жаңа тұжырымдамасы аясында өткізілді, бұл оған ерекше мән-мағына мен жаңаша мазмұн берді. Осы тұжырымдамаға сәйкес, мерекенің әр күні өзіндік мағынаға ие болып, белгілі бір тақырыпқа арналды. Іс-шараның негізгі сәттерінің бірі ұлттық киім күні болды. Ұлттық киім – қазақ халқының мәдени мұрасының маңызды символы әрі ұлттық бірегейліктің ажырамас бөлігі ретінде әлемдік деңгейде танылған құндылықтардың бірі.

Қазақстан Республикасының Грек Республикасындағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин өз сөзінде биылғы мерекенің жаңартылған форматта өткенін атап өтті. Ол ұлттық бірегейлік нышандарын кеңінен насихаттаудың маңыздылығын және олардың халықтың мәдени тамырларына оралуында ерекше рөл атқаратынын баса айтты.

Мерекенің басты ерекшеліктерінің бірі – дәстүрлі қазақ дастарханы болды. Қонақтар бауырсақ және басқа да ұлттық тағамдардан дәм татып, қазақ халқының бай аспаздық мәдениетімен танысуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, шара барысында Қазақстаннан келген студенттер домбырада халық күйлерін орындап, мерекенің ерекше әрі шынайы атмосферасын қалыптастырды.

Мерекелік бағдарлама аясында ұлттық қазақ киімдерінің көрмесі ұйымдастырылды, оған қазақстандықтармен қатар Италия, Америка Құрама Штаттары, Иран, Қытай, Түркия және басқа да елдерден келген қонақтар қатысты. Қатысушылар дәстүрлі қазақ киімдерін киіп көріп, Ұлы Даланың бай мәдени мұрасымен жақынырақ танысты.

Сонымен қатар, іс-шара қонақтарына Наурызға арналған естелік ашық хаттар мен Қазақстанның жалаушалары таратылды. Бұл ұлттық мәдени алмасу мен халықтар арасындағы достықтың белгісі ретінде ұсынылды. Қазақтың дәстүрлі тағамдары мен шынайы құттықтаулар мерекенің адамзат үшін ортақ рухани құндылыққа айналғанын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мерекесіне арналған құттықтауында: «Бұл мейрам – біздің ежелгі тамырымыз, бай мәдени мұрамыз бен халықтарды біріктіретін құндылықтарымыз туралы маңызды еске салу» екенін атап өтті. Наурыз бейбітшілік пен достықтың, ынтымақтастық пен жаңарудың символы ретінде халықтар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға қызмет етіп келеді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының деректері бойынша, Наурызды әлем бойынша 300 миллионға жуық адам атап өтеді. Бұл мейрам көптеген елдерде мемлекеттік мәртебеге ие және 2010 жылдан бері оны сақтау мен дамыту мақсатында халықаралық деңгейде БҰҰ-ның Наурыз күні деп жарияланды.

 

 

Қазақстан Республикасының

Грек Республикасындағы Елшілігі