Афинада Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықтың басымдықтары таныстырылды

Афинада Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықтың басымдықтары таныстырылды

Афина, 2024 жылғы 24 сәуір – Қазақстан Республикасының Грекиядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев өзінің резиденциясында Грекияда тіркелген Еуропа елдерінің Елшілері үшін ЕО-мен ынтымақтастықты дамытудың басым бағыттары туралы презентация жасады.

Е.Баударбек-Қожатаев кездесуге қатысушыларды «Бүгінгі Қазақстан: Орталық Азия – Еуропалық Одақ саммиті алдында» тақырыбындағы баяндамасында Президент Қ.Тоқаевтың басшылығымен елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы хабардар етті.

Сонымен қатар, сұхбаттасушыларға Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықтың дамуы, 2024 жылы Қазақстанда өтетін өңірдің мемлекет басшыларының 6-шы Консультативтік кездесуі, сондай-ақ «Орталық Азия плюс» форматында өңірлік елдердің әлемдік саяси орталықтарымен өзара іс-қимылы туралы ақпарат ұсынылды.

Іс-шара Балқан және Қара теңіз форумының Елшілер Комитеті аясында ұйымдастырылып, әлемдік және аймақтық саясаттың өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.

Кездесуге қатысқандар алдағы сайлау оқиғаларының күнтізбесін, оның ішінде 2024 жылғы маусымда өтетін Еуропарламентке сайлау нәтижелерінің Еуропаның саяси ландшафтына әсерін талқылады.

Талқылау аясында көлік байланысының және инфрақұрылым мен логистиканы жақсартудың, энергетикалық қауіпсіздіктің, электр қуаты мен СТГ жаңа жобаларының, сондай-ақ экологиялық және ауылшаруашылық саясатының маңыздылығы атап өтілді.

Спикерлер Қазақстанның аса маңызды шикізат, батареялар және жаңартылатын сутегі салаларындағы ЕО-ның стратегиялық серіктесі екендігін ескере отырып және Орталық Азияның жаңартылатын энергия өндіру саласындағы әлеуетіне назар аудара отырып, Еуропалық Одақтың «жасыл» көшу стратегиясы үшінші елдермен өзара байланыстырылған жүйені құруды көздейтінін атап өтті.