Грекияның Парламентінде Қазақстанмен достық лигасы құрылды

Грекияның Парламентінде Қазақстанмен достық лигасы құрылды

Афина, 2024 жылғы 23 ақпан – Қазақстан Республикасының Грекиядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев жаңадан құрылған Қазақстанмен Достық тобының төрағасы Евангелос Сиригоспен кездесу өткізіп, парламентаралық өзара іс-қимылды дамыту перспективаларын талқылады.

Биліктегі «Жаңа демократия» партиясының депутаты Е.Сиригос Грекияның Астанамен екіжақты форматта да, Еуропалық Одақ аясында да ынтымақтастықты дамытуды қолдайтынын айтты. Оның айтуынша, Афина Қазақстанды жаһандық экономиканың құбылмалылығына қарамастан тұрақты экономикалық өсуді көрсететін Еуразиядағы саяси тұрақты мемлекет ретінде қарастырады.

Отырысқа қатысқан Парламенттік топтың хатшысы Теодора Цакри негізгі оппозициялық «СИРИЗА» партиясының Қазақстанмен өзара іс-қимылды дамытуды қолдайтынын атап өтіп, ауыл шаруашылығы, туризм және энергетика сияқты салалардың өзекті екендігін атап өтті.

Парламенттің Қазақстанмен достық тобы төрағасының орынбасары Спиридон Кириакис Қазақстандағы этносаралық келісім деңгейін жоғары бағалап, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты орнатудағы грек диаспорасының рөлін ерекше атап өтті.

Өз кезегінде Елші Е.Баударбек-Қожатаев Грекия Парламентінің депутаттарын екі ел арасындағы ынтымақтастықтың барысы, сондай-ақ Қазақстанда жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар туралы хабардар етті. Олардың ішінде, саяси тұрғыдан барлық партиялар үшін тең жағдайды қамтамасыз ету шараларын, заң шығару процедурасын жеңілдету және азаматтардың сайлау белсенділігін арттыру сияқты мәселелерді ерекше атап өтті.

2023 жылғы 25 маусымда өткен жалпыхалықтық сайлау қорытындысы бойынша құрылған Қазақстанмен парламенттік достық тобының құрамына биліктегі «Жаңа демократия» партиясының және негізгі оппозициялық СИРИЗА партиясының өкілдері, сондай-ақ Грекияның Коммунистік және «Грек шешімі» партияларының депутаттары да енген.

Анықтама: Грекия Парламентінің сыртқы саясатты қалыптастырудағы институционалдық рөлі ел Конституциясында бекітілген. Парламенттік достық топтары – бұл әртүрлі елдердің заң шығарушы органдары арасында тығыз қарым-қатынас орнату мақсатын көздейтін барлық парламенттер қолданатын халықаралық институт.