Грекияның Қаржы министрімен Қосарланған салық салу туралы конвенцияны жасасу бойынша келіссөздерді бастау туралы келісімге қол жеткізілді

Грекияның Қаржы министрімен Қосарланған салық салу туралы конвенцияны жасасу бойынша келіссөздерді бастау туралы келісімге қол жеткізілді

2024 ж. 9 ақпанда Афинада Қазақстан Республикасының Грекиядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев пен Грекияның Экономика және қаржы министрі Константинос Хадзидакис қаржы және салықтық әкімшілендіру саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Елші сұхбаттасушыны екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастардың дамуы туралы хабардар етіп, Қазақстан-Грекия Іскерлік Кеңесінің ашылғанын және 2023 жылдың нәтижесі бойынша 2,2 млрд. АҚШ долларын құрайтын екіжақты сауданың рекордтық көлеміне қол жеткізгенін атап өтті. Оның пікірінше, екі ел арасындағы іскерлік байланыстың күшеюі іскерлік қауымдастықтың қосарланған салық салуды жою туралы сұрауын тудырады.

Өз кезегінде Министр грек тарапының қосарланған салық салуды болдырмау және табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы екіжақты конвенцияны жасау бойынша келіссөздерді бастауға дайын екенін растады.

Тараптар Қазақстан мен Грекияның ЭЫДҰ-ның Салық туралы келісімдерге қатысты шараларды іске асыру жөніндегі көпжақты конвенцияның қатысушысы болуы екіжақты құжат жобасын келісу үдерісін жеделдететінін атап өтті.

К.Хадзидакис ауыл шаруашылығы, энергетика және көлік салаларын басым деп атап, Грекияның Қазақстанмен саяси, экономикалық және коммерциялық байланыстарды жандандыруға мүдделі екенін мәлімдеді.