Қазақстан мен Грекия өңіраралық ынтымақтастықты дамытуда

Қазақстан мен Грекия өңіраралық ынтымақтастықты дамытуда

2023 жылғы 28 маусымда ҚР Грекиядағы Елшілігінің және Қазақстан-Грек Іскерлік кеңесінің қолдауымен Ежелгі Олимпия қаласының мэрі Георгиос Георгиопулос мәдениет, білім және спорт саласында ынтымақтастық орнату мақсатында Таразға іссапармен келді.

Г. Георгиопулос Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовпен кездесу өткізді, оның барысында тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара әрекеттестікті талқылады.

Кездесуге Қазақстан-Грек Іскерлік кеңесінің тең төрағалары белгілі қазақстандық экономист Жақсыбек Кұлекеев және грек кәсіпкері Томас Ламнидис қатысты. Келіссөздер барысында грек компаниялары ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, күн энергиясын өндіру және қоқысты қайта өңдеу салаларындағы жобаларды іске асыруға мүдделілігін білдірілді.

Ежелгі Олимпия мэрі Г. Георгиопулос және Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков аумақтарында көптеген тарихи-археологиялық нысандар орналасқан Ежелгі Олимпия мен Тараз арасындағы тарих және мәдениет саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру туралы уағдаластыққа қол жеткізді.

Ежелгі Олимпия мэрі Қазақстан тарапын қазіргі уақытта Халықаралық Олимпиада академиясы орналасқан Олимпиада ойындарының шыққан жеріне баруға шақырды.

Анықтама: 2022 жылы құрылған Қазақстан-Грек Іскерлік кеңесі – Қазақстан мен Грекия арасындағы сауда және инвестициялық қатынастарды ілгерілетуге бағытталған екіжақты платформа.