Грекияда Грек-Қазақстандық іскерлік кеңесі іске қосылды

Грекияда Грек-Қазақстандық іскерлік кеңесі іске қосылды

Грекияда Грек-Қазақстандық іскерлік кеңесі іске қосылды. Қазақстандық тараптан кеңесті белгілі экономист Жақсыбек Күлекеев, ал грек тарапынан – кәсіпкер және энергетикалық құқық саласындағы беделді сарапшы Томас Ламнидис басқарды.

Органның басты мақсаты тиісті байланыстарды жолға қою және мүдделі ұйымдарға Қазақстан мен Грекия экономикаларының ерекшеліктері туралы консультациялар беру арқылы сауда және инвестициялар, туризм, мәдениет және өзге де салаларда қазақстан-грек ынтымақтастығын ілгерілету болып табылады.

Ашылу салтанаты барысында экономикалық дипломатия мәселелеріне жетекшілік ететін Грекия Сыртқы істер министрінің орынбасары Константинос Франгояннис құттықтау сөзін сөйледі. Дипломат еліміз Грекияның Еуразиялық аймақтағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға ниетті негізгі серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Грекия үкіметінің өкілі бұл платформа екіжақты іскерлік байланыстарды кеңейту мақсатына тиімді қызмет ете алатынына сенімін білдірді.

Өз кезегінде, Қазақстан Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев қазақстан-грек қатынастарын жан-жақты нығайтуға өзара бейілділігін растай отырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Жаңа Қазақстан құрудағы елімізде жүргізіліп жатқан реформалар аясында екі елдің бизнес топтары арасындағы байланыстарды жандандырудың маңыздылығын атап өтті. Елші Қазақстанның бизнес және ел экономикасына инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталуы жаңа бизнес байланыстарды құру және қолда бар байланыстарды кеңейту үшін берік негіз болатынын атап өтті.

Кеңестің қазақстандық бөлігінің тең төрағасы Ж.Күлекеев екі елдің іскер топтарының өкілдерін жақындастыруға бағытталған осындай платформаның дер кезінде құрылғанын атап отыра, іс-шара қонақтарын Қазақстан экономикасындағы өзекті жағдаймен егжей-тегжейлі таныстырып, ынтымақтастықты кеңейту үшін өзара тиімді басым бағыттарды белгіледі.

Бизнес-кеңестің грек бөлігінің басшысы Т. Ламнидис Грекия СІМ басшысының орынбасары мен Қазақстан Елшісіне арнап сөйлеген сөзінде, екі елдің іскер топтарының Қазақстан мен Грекия үкіметтері арасындағы қосарланған салық салуды болдырмау туралы конвенцияға жақын арада қол қоюға үлкен мүдделілігін білдірді. Кәсіпкер бұл құралдың іскерлік байланыстарды кеңейтуіне айтарлықтай ықпал ететінін атап өтті.

Грек-Қазақстан Іскерлік кеңесінің Директорлар кеңесінің төрағасы лауазымына сайланған "DKG Development" девелоперлік компаниясының президенті Константинос Петридис қазақстандық әріптестермен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға деген қызығушылық елдің бизнес-қоғамдастықпен транспарентті, прагматикалық және сенімді қарым-қатынас құру саясатына бағдарлануына байланысты екенін атап өтті.

Іскерлік кеңесі басқару комитетінің құрамына Томас Ламнидис (грек тең төрағасы) , Жақсыбек Күлекеев (қазақстандық тең төрағасы), Константинос Петридис (атқарушы директор), Василия Помпьери (бас хатшы), Спиридон Занниас (мүше), Георгиос Теодоракис (мүше), Парис Кокороцикос (мүше) кірді.

Грекия Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттер арасындағы тауар айналымы бойынша Қазақстанның бесінші сауда серіктесі болып табылады. Елдер арасындағы тауар айналымының жыл сайынғы көлемі шамамен 1,5 млрд АҚШ долл. құрайды. Грекияда өзінің тарихи отанына оралған 100 мыңға жуық Қазақстан тумалары этникалық гректер  тұрады. Ағымдағы жылдың 2 маусымынан бастап елдер арасында тікелей әуе қатынасы іске қосылды.