Грекияның іскерлік миссиясы Қазақстанға келмек

Грекияның іскерлік миссиясы Қазақстанға келмек

Қазақстанның Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев пен Грекияның Даму және инвестициялар министрі Адонис Георгиадистің 18 сәуірде өткізген кездесуі барысында екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды дамыту мақсатында үстіміздегі жылы Грекияның іскерлік миссиясының Қазақстанға сапарын ұйымдастыру туралы келісімге қол жеткізілді. Мұнымен қоса, Министр Георгиадис Грекияның іскер топтары өкілдерінің делегациясын басқаруға өз қолына алуға дайын екендігін білдірді.

Оның пікірінше, қазіргі уақытта Қазақстанның рөлі оның маңызды геостратегиялық орналасуына орай артып келеді. Осы тұрғыда А.Георгиадис Еуразиядағы сенімді серіктес ретінде Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Министр Қазақстанның Грекия үшін жаһандық энергетикалық аренадағы негізгі субъект ретінде ғана емес, экономикасын әртараптандыру бойынша реформаларды жүргізіп жатқан ел ретінде де қызықты екенін мәлім етті.

Өз кезегінде Қазақстан Елшісі сұхбаттасушыны «Жаңа Қазақстан» стратегиясымен және елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформалармен егжей-тегжейлі таныстырды.