
Афина, 2026 жылғы 22 маусым – Қазақстан Республикасының Грек Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Тимур Сұлтанғожин Грек Республикасы Әділет министрлігінің Тұрақты хатшысы Василики Гиавимен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Қазақстан Елшісі грек тарапын Қазақстан Республикасында елдің қоғамдық-саяси жүйесін одан әрі дамытуға бағытталған ауқымды саяси және конституциялық реформалардың жүзеге асырылу барысымен таныстырды. Жаңа Конституцияның ережелерін іске асыруға, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, қоғамдық-саяси институттарды дамытуға, сондай-ақ алдағы Құрылтай сайлауына дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Грек тарапы Қазақстанда жаңа Конституцияны іске асыру аясында заң үстемдігі қағидаттарын одан әрі нығайту, сот жүйесін жетілдіру, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін кеңейту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етілді.
Осыған байланысты тараптар екі мемлекеттің құқықтық жүйелерін дамыту, заңнаманы жетілдіру, әкімшілік әділетті дамыту, заң қызметтерін цифрландыру және сот төрелігінің қолжетімділігін арттыру мәселелері бойынша пікір алмасты. Қазақстан мен Грекияның бейінді мемлекеттік органдары, сондай-ақ екі елдің сарапшылық және ғылыми ортасы арасындағы ынтымақтастықты кеңейту үшін жоғары әлеует бар екені атап өтілді.
Келіссөздер барысында бейінді ведомстволар желісі бойынша сарапшылық алмасулар мен жұмыс сапарларын ұйымдастыруды қоса алғанда, екіжақты байланыстарды одан әрі дамыту перспективалары қарастырылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сындарлы диалогты жалғастыруға және өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ортақ мүдделілігін растады.