Ұлы Жеңіс туралы конференция Қазақстанның қатысуымен Афинада өтті

Ұлы Жеңіс туралы конференция Қазақстанның қатысуымен Афинада өтті

Афина, 2026 жылғы 7 мамыр – Афинада грек қоғамдық-пікірталас клубы «Диалогос» ұйымдастырған Ұлы Жеңістің тарихи мұрасына арналған конференция өтті. Іс-шара барысында Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин тарихи жадты сақтау, қоғамдық бірлікті нығайту және қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында бейбітшілік пен халықаралық ынтымақтастық қағидаттарын ілгерілету бойынша Қазақстанның ұстанымдарын таныстырды.

Сөз сөйлеу барысында Ұлы Отан соғысының жады Қазақстан халқының тарихи санасында ерекше орын алатыны атап өтілді. Қазақстаннан Қызыл армия қатарына 1,2 миллионнан астам адам шақырылып, олардың 600 мыңы майданнан оралмады. Елші бұл сандардың тек қасірет ауқымын ғана емес, халықтың бейбітшілік пен бостандық жолында төлеген зор құнын да көрсететінін атап өтті.

«Соғыс сабақтары адамзаттың ортақ сын-қатерлер алдында бірлікте болуы және қоғамдарды этникалық, ұлттық немесе идеологиялық белгілер бойынша бөлетін кез келген идеологияны қабылдамауы қажеттігін еске салады», – ҚР Елшісі атап өтті.

Конференция аясында Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалар да таныстырылды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған конституциялық реформалардың заң үстемдігі, адам құқықтарын құрметтеу, қоғамдық келісім мен әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарына негізделген әділетті әрі инклюзивті мемлекет құруға бағытталғаны айтылды.

Конференция барысында халықаралық диалогты, өзара құрметті сақтау және жаһандық шиеленістің күшеюі жағдайында теңгерімді шешімдер іздеу қажеттілігіне ерекше назар аударылды.