Қазақстанның жаһандық бастамалары мен конституциялық реформалары Грекияда таныстырылды

Қазақстанның жаһандық бастамалары мен конституциялық реформалары Грекияда таныстырылды

Афина, 2026 жылғы 5 мамыр – Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин Афина қаласындағы «Webster» университетінде «Өзгермелі жаһандық тәртіптегі Қазақстан орта держава ретінде» тақырыбында дәріс оқыды. Іс-шара жаһандық өзгерістер жағдайында тұрақты даму моделін қалыптастыруға бағытталған Қазақстанның негізгі тәсілдерін, оның ішінде халықаралық бастамаларды, маңызды конституциялық реформаларды және цифрлық трансформация саласындағы басымдықтарды таныстыру алаңына айналды.

Дәріс барысында Елші көпжақты ынтымақтастық тетіктері арқылы халықаралық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған Қазақстанның ұстанымдарын баяндады. Ядролық қарусыздану, таратпау және жаһандық қауіпсіздікті нығайту мәселелеріне, сондай-ақ осы бағыттағы Қазақстан Республикасының бастамаларына ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында халықаралық су күн тәртібін ілгерілету және Аралды құтқару халықаралық қоры қызметіне қатысу бойынша елдің күш-жігері атап өтілді.

Қазақстанның халықаралық диалог алаңдарын дамытуға қосқан үлесі, оның ішінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі, сондай-ақ жаһандық қауіпсіздік архитектурасын нығайтуға бағытталған бастамалар ерекше атап өтілді. Елші өз сөзінде Қазақстанның тұрақты даму негізі ретінде халықаралық ынтымақтастық пен диалогты дәйекті түрде ілгерілететінін жеткізді.

Дәрістің маңызды бөлігі саяси жаңғырту мәселелеріне арналды. Жаңа Конституцияны қабылдау мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға және қоғамдық қатысу тетіктерін кеңейтуге бағытталғаны, бұл мемлекеттің одан әрі дамуы үшін институционалдық негіз қалыптастыратыны атап өтілді.

Цифрлық трансформация мәселелеріне де жеке тоқталды. Жасанды интеллектті дамыту, заманауи инновациялық инфрақұрылымды қалыптастыру және технологиялық кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы Қазақстанның қадамдары айтылды. Осы контексте инновациялық экожүйені дамытуға және стартаптарды қолдауға бағытталған «Born Bold» бастамасы да аталды.

Сондай-ақ Қазақстан мен Грекия арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды. Ол Орталық Азия мен Еуропа арасындағы байланыстарды нығайтудың маңызды элементі ретінде қарастырылды. Білім беру, ғылым және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге өзара қызығушылық атап өтілді.