
Салоники, 2026 жылғы 30 наурыз – Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин Орталық Македония өңіріне жұмыс сапарымен барып, оның барысында іскер топ өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізіп, өңірдің жетекші өндірістік кәсіпорындарын аралады.
Сапар аясында Елші лифт жабдықтарын өндіру, лак-бояу өнімдері, тамақ өнеркәсібі, косметика, медициналық жабдықтар, сондай-ақ бөлшек сауда салаларында жұмыс істейтін кәсіпорындардың қызметімен танысты. Қазақстандық серіктестермен ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Салоники Сауда-өнеркәсіп палатасының, сондай-ақ Салоники индустриялық аймағының бизнес қауымдастығының басшылығымен Қазақстан мен Грекия арасындағы іскерлік өзара іс-қимылды кеңейту мәселелері бойынша мазмұнды пікір алмасу өтті. Тараптар өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік сектор, логистика және инвестициялық қызметті қоса алғанда, ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылады.
Кездесулер барысында Қазақстан Елшісі грек бизнес өкілдерін елде жүргізіліп жатқан экономикалық реформалар және шетелдік инвесторларға арналған мемлекеттік қолдау шаралары туралы, соның ішінде салықтық преференциялар, инвестициялық келісімдер және жобаларды сүйемелдеу тетіктері жөнінде хабардар етті. Іскерлік байланыстарды жандандыруға өзара мүдделілік расталып, грек компанияларының Қазақстандағы нақты бірлескен жобаларын пысықтауға жәрдем көрсету туралы келісімге қол жеткізілді.
Бағдарламаның жеке бөлігі ретінде Халықаралық грек университетінде оқу орнының басшылығымен кездесу өтті. Тараптар Қазақстан мен Грекия университеттері арасында әріптестік орнату, студенттер мен оқытушылар алмасу, сондай-ақ бірлескен білім беру және ғылыми бастамаларды іске асыру арқылы академиялық ынтымақтастықты дамытуға келісті.
Жалпы, сапар грек бизнесінің Қазақстан нарығындағы қатысуын кеңейтуге деген елеулі қызығушылығын көрсетті, сондай-ақ екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету үшін айтарлықтай әлеует бар екенін растады.