Философиялық диалогтан стратегиялық ынтымақтастыққа: Афинада Қазақстан мен Грекия университеттері арасында меморандумға қол қойылды

Философиялық диалогтан стратегиялық ынтымақтастыққа: Афинада Қазақстан мен Грекия университеттері арасында меморандумға қол қойылды

Афина, 2026 жылғы 24 ақпан – Қазақстанның Грекиядағы Елшілігінің қолдауымен және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қатысуымен Афина ұлттық және Каподистрий университетінде «Әл-Фараби және грек философиясы» атты халықаралық конференция өтті. Іс-шара дипломатиялық миссиялар басшыларын, академиялық орта, ғылыми және сарапшылық қауымдастық өкілдерін біріктіріп, антикалық философияның Еуразияның зияткерлік дәстүрлерін қалыптастырудағы рөлін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.

Конференцияны аша отырып, Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин әл-Фараби мұрасының Шығыс пен Батыс арасындағы идеялар сабақтастығы мен рухани байланыстар тереңдігінің символы екенін атап өтті. Оның айтуынша, әл-Фараби грек философиялық ойы мен Шығыс зияткерлік дәстүрі арасындағы тірі көпірге айналды, ал оның еңбектеріне жүгіну бүгінгі күні халықтар арасындағы сенім мен өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етеді.

Осы ойды жалғастыра отырып, дипломатиялық миссия басшысы әділеттілік, парасат және қоғамдық құрылымның үйлесімділігі идеяларына негізделген философиялық мұраның қазіргі мемлекеттік даму үдерістерінде де өзектілігін сақтап отырғанын жеткізді. Осы тұрғыда ол Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформа және парламенттік жүйені одан әрі нығайтуға, тежемелік әрі тепе-теңдік тетіктерін кеңейтуге және адам құқықтарының кепілдіктерін күшейтуге бағытталған жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі алдағы референдум туралы ақпарат берді.

Конференция аясында Қазақстан мен Грекияның екі жетекші университетінің ғалымдары әл-Фараби мұрасындағы Платон мен Аристотель еңбектерінің интерпретациясына, Византиядағы аристотельдік дәстүрдің дамуына, сондай-ақ антикалық және шығыс философиясындағы бақыт ұғымын салыстырмалы талдауға арналған баяндамалар жасады. Афина университетінің философия кафедрасының меңгерушісі профессор Георгиос Стирис Шығыс пен Батыс арасындағы философиялық диалогтың ғылыми дамудың және мәдениетаралық өзара түсіністіктің өзекті құралы болып қала беретінін атап өтті.

Іс-шараның негізгі қорытындысы ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Афина ұлттық және Каподистрий университеті арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат ұзақ мерзімді ғылыми әріптестікке жол ашып, тараптардың бірлескен зерттеулер жүргізу, білім беру бағдарламаларын әзірлеу, академиялық ұтқырлықты ілгерілету, сондай-ақ инновациялар мен кәсіпкерлік саласындағы бастамаларды жүзеге асыру бойынша күш-жігерін біріктіру ниетін бекітеді.

Құжатқа қол қою екі елдің академиялық өзара іс-қимылды сапалы жаңа деңгейге көтеруге деген ұмтылысын іс жүзінде растады.

Анықтама: 1837 жылы құрылған Афина ұлттық және Каподистрий университеті – Грекиядағы ең көне жоғары оқу орны. 1934 жылы негізі қаланған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Орталық Азиядағы жетекші ғылыми-білім беру орталықтарының бірі болып табылады және өңірдегі академиялық ғылымның дамуына шешуші үлес қосып келеді.